«Мені бірнеше рет қорқытты». Шерзат Болаттың әкесі шұғыл үндеу жасады

10 Қазан, 14:09 8773

Талғарда бір топ адам пышақтап өлтірген Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол жан-жақтан көмек беріп жатқан қазақстандықтарға алғыс білдірді.

Құрметті, қазақ елі! Сіздердің алдарыңызда басымды иемін! Мені қолдап, балам үшін қол ұшын беріп жатқандарыңызға көп рақмет! Мен Қонаевтағы Алматы облысының полиция департаментінің ғимаратына келдім. Ол жерде іс оң жағынан қаралып жатыр. Бізге адвокаттар көмектесіп жатыр. Марқұм болған Салтанаттың ағасының да (Айтбек Амангелді) көмегін айта кетейін. Ол кісіге де ерекше рақмет! Алғысым шексіз, – деді ол.

Шерзаттың әкесі заң аясында әділ шешім шығатынына сенім артады.

Өтінішім бар, халқым. Ешқандай қантөгіс болмаса екен. Мен бар жерде бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті менің дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасалуы мүмкін. Сондықтан  өтініп сұраймын, ешқандай көтеріліс емес, өз қағидам: заң аясында дұрыс, әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын, – деді Нұрымов.

Ол халықтан сенімді ақпарат көздеріне және тек өзі таратқан ақпаратқа сенуін сұрайды.

Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты. Алып кетулер болды, – деді ол.

Қаржаубай Нұрымов ашық сот болуын талап етеді. Ашық сот болса, оң шешім болады деп күтеді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: