Менделеев олимпиадасы басталды

25 Сәуір 2017, 09:20 2792

22 елдің оқушылары бақ сынасады

ҚР білім және ғылым министрлігі 2017 жылдың 23-30 сәуір аралығында Астана қаласында химия пәнінен 51-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасын (ХМО) ұйымдастырып жатыр.

Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Болгария,Венгрия, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Румыния, Сауд.Арабия, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Украина, Түркия, Нигерия, Моңғолия, Израиль мемлекеттерінен 22 құрама команда қатысқалы жатқан олимпиаданың ашылуы Назарбаев университетінде өтті.

Олимпиаданы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сухамбердиева ашып берді:

– 20 елдің талантты да дарынды оқушыларын жинап жатқан бұл олимпиада болашаққа бастар ерекше қадам. ХХІ ғасырдағы білім мен инновацияны дамыту сендерге жүктелмек. Елбасымыз ерекше талапты балалардың дамуына  көңіл бөліп отыр. Жастардың жоғары білім алуы үшін «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектебі секілді бірегей оқу орындары жаңа талапқа сай білім беруде. 

Олимпиаданың Қазақстанда  өткізілуі қатысушы елдер арасында білім беру және ғылыми байланыстар жасауға, әлемдік деңгейде еліміздің беделінің нығаюына зор ықпал етері даусыз.

Олимпиада жеңімпаздарына М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне және басқа да Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірінші курсына емтихансыз қабылдауына мүмкіндік туғызады.

Олимпиаданың қатысушылары Елордамыз – Астана қаласына, Тұңғыш президенттің мұражайын, оқушылар сарайына саяхат жасайды.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: