08.09.2025
13:02
714
Мен жастардың күш-жігеріне, дарыны мен біліміне сенемін – Тоқаев

Мен жастардың күш-жігеріне, дарыны мен біліміне сенемін – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында жас ұрпақтың патриотизмді қабылдау ерекшелігіне тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдықты басқаша түсінеді. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жастар елді сүюді жаңа іс бастау, халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашумен байланыстырады. Олар Қазақстанды өркениетті, дамыған мемлекет ретінде көргісі келіп, заманауи технологияларды меңгеруге ұмтылуда.

Жастардың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасындағы өзгерістің айқын көрінісі. Мен олардың күш-жігеріне, дарыны мен біліміне сенемін, – деді Тоқаев.

Ол жастарға ғылым-білім жолында жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Әлемде жүріп жатқан түбегейлі өзгерістерге жас буынның тез бейімделетінін, әсіресе жасанды интеллект дәуірінде олардың рөлі ерекше болатынын айтты.

Президент ұлы ойшыл Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзін еске алып, оған өз тұжырымын қосты:

Өркениетті елдің заңы – әділ, билігі – білікті, азаматтары саналы әрі белсенді болуы тиіс, – деді ол.

Тоқаевтың пікірінше, мемлекет қабылдаған әрбір шешім халықтың тұрмысын жақсартуға, экономиканы тұрақтандыруға және әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталуы қажет.

Қазақстан жан-жақты реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Біз бағдарымыздан айнымай, алға қадам басуымыз керек, – деді мемлекет басшысы.