Мен көңіл күйім мен сезімімнің суретін саламын – Ренат Елубаев

21 Қаңтар 2023, 10:00 2623

Әлемді таң қалдырған суретшімен сұхбат.

–  Қазір көпшілік Ренат десе көзін байлап сурет салатын жігіт деп таниды. Бұл өнеріңді әлі де дамытып жүрсің бе? Әлде, Мәскеуде өткізген сол шеберлік сабағынан кейін қайталамадың ба?

–  Көзді байлап сурет салуды алғаш рет Мәскеуде өткен «Удивительные люди» телешоуына қатысу кезінде өзімді сынап көрдім. Сол кезде өте сәтті шықты. Бүкіл көрермендер таң қалды. Кейін еліміздің бірнеше өңірінде тәуекелге барып қайталадым. Бірақ бұл фонограмма жазып алып кез келген жерде шырқап кете беретін әншілік немесе жаттап алып қайталай беретін өнер емес. Бірде сәтті, бірде сәтсіз шығуы мүмкін. Бұл ерекше шабытты, көңіл күйді қажет ететін дүние. Оған қаншама күш, энергия кетеді. Қазіргіден сәл жастау кезімде, бойымдағы күшті, қуатты, ерекше қабілетті көрсеткім келетін кезде көрсете алдым. Қазір оны қайталай беру қызық та емес. Елге қызық болғанымен маған қызық болмай қалды. Жалпы қандай да бір жетістікке жетіп, белгілі бір биікті бағындырғаннан кейін сол деңгейде қалып қоюға болмайды. Келесі биікті бағындыруға, жаңа мүмкіндіктерге қарай ұмтылу керек. Сондықтан көз байлап сурет салуды қазір қайталап жүрген жоқпын.

Елдің көзіне көп түсе бермейтін, түссе тек жарқ етіп шығып, баршаны таң қалдыратын Ренат қазір немен айналысып жүр?

–  Рас айтасыз, Мәскеуде өткен байқауға қатысу арқылы мені көпшілік бұрынғыдан да жақсы тани бастады. Мен де сол сәтте ерекше қырымнан көріне білдім. Өзіңіз айтқандай жарқ етіп шықтым. Екінші жағынан ол телевизиялық байқау болғандықтан да аудиториясы үлкен, көрермендерге тез таралды.

Ал қазір өзімнің шеберханамда картиналар жазып жатырмын. Әлгінде айтқанымдай көз байлап сурет салуға кететін энергиямның барлығын сол картиналарға жұмсап жүрмін. Оның үстіне әлемді тығырыққа тіреген карантиннен енді ғана шығып жатырмыз ғой. Соның өзінде Омбыға барып шеберлік сабағын өткізіп келдім. Одан бөлек Дүниежүзілік ЕХРО-2020 DUBAI көрмесіне шақырту алып, мәртебем тағы бір көтеріліп қалды. Себебі ол да дүниежүзінің ең мықтылары жиналатын әлемдік көрме. Сол көрмеге еліміздегі қаншама суретшілердің арасынан менің шақырылуым да үлкен абырой болды. Карантинге байланысты ол да уақытынан кеш өткізілді. Сол жердегі Қазақстанның ұлттық павильонында көпшіліктің алдында шеберлік сабағын өткіздім.

Сондай-ақ өткен жылы Түркияның Бодрум қаласына бір картинамды жібердім және интернет арқылы бірнеше көрмелерге қатыстым.

Тағы бір айта кетуге тұрарлық дүние, ол еліміздегі балалар жылына орай мәдениет министрлігі ұйымдастырған халақаралық балалар байқауында әлілқазылар алқасының төрағасы болдым.

–  Бұл салада жетістікке жетіп жүрген жандардың бірісің. Атақ пен марапат та біраз болып қалған шығар?

– Жоқ. Атақ пен марапатқа келгенде кедейлеумін. Себебі, мен ешқандай мемлекеттік мекемеде ресми түрде жұмыс істемеймін. Атақ пен марапатқа көп жағдайда жұмыс орындары ұсынады. Онда да қарапайым бір шеберханада емес, «Астана опера», «Астана балет» секілді театрларда немесе Қазақстан концерт залы, Бейбітшілік және келісім сарайы дегендей үкіметке жақын мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасау керек. Ал мен еркін, тәуелсіз суретші болғым келді. Сондықтан да мемлекеттен алған ешқандай атақтарым жоқ.

Ал халықаралық көрмелерден біршама марапат алдым.  2015 жылы Нью-Йорк (АҚШ) қаласында өткен «New York Realizm fine art» халықаралық көрмесінің алтын медалін иеленіп, Белоруссияда өткен «Куршинале-2015» халықаралық өнер олимпиадасында «Сурет өнері» аталымы бойынша бас жүлде, Италия, Армения секілді мемлекеттерде халықаралық байқауларда жүлдегер болғаным бар.

2019 жылдан бері де біраз жерден жүлде алып, лауриат атанып қайттым. 2019 жыл Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында өткен Республикалық суретшілер байқауында І орын. 2019 жылы Ресей Федерациясы Омбы облысының Манякин медалімен марапатталдым. 2021 жылы Мәскеуде өткен II Халықаралық таланттар байқауының лауреаты, сол жылы Санкт-Петербургта дZenArt халықаралық символикалық өнер фестивалінің лауреаты болдым. 2021 жылы Мәскеуде Халықаралық су әлемі байқауының лауреаты, Италия халықаралық байқауының лауреаты, Ұлыбританияда Golden Time Talent халықаралық байқауында 1 орын алдым. Қысқасы шет елдерден алған марапаттарымды осылай жалғастыра беруге болады. 

Қазақстанда суретшілерге көңіл бөлінеді ме? Арнайы байқаулар, көрмелер  ұйымдастырып немесе арнайы стипендия тағайындап дегендей. Жалпы мемлекет тарапынан қандай қолдаулар бар?

– Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың барлығын жоққа шығарудан аулақпын. Түрлі премиялар, стипендиялар беріліп жатады. Журда ғана «Ұмай» сыйлығы, басқа да мемлекеттік сыйлықтар табысталып жатты.  Бірақ, бір әттеген-айы солардың көбі әділетсіз өтеді. Бұрынғы жүйеден қалған тамыр-таныстық пен бұрмалаушылықтар көп. Мәселен, нағыз талант иесі, бар өмірін тек қана осы шығармашылыққа арнаған, деңгейі өте жоғары ағаларымыз бар. Бірақ ешқашан еленбей келе жатыр. Тағы да айтайын, мен жүлде алғандардың барлығын халтурщик немесе лайықсыз деп отырған жоқпын. Олардың да арасында марапатқа лайықты суретшілер бар. Өкінішке қарай әлі де Жаңа Қазақстан бола алмай жатырмыз. 

Бірақ менің ешкімге аса өкпем жоқ. Менің шығармашылығыммен, өнеріммен көп адамдар таныс. Кездескен кезде танып, бірге суретке түсіп, құттықтап, алғыстарын білдіріп жатады.

Бәлкім өзімнен де бар шығар. Себебі мен ешқашан ешкімнің алдына атақ, марапат сұрап барған емеспін. Қазіргі заманда сұрау керек шығар, айту керек шығар. Менде «бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген қазақы түсінік бар. Расында солай. Егер Алла маған бұйыртқан дүние болса, оған ешкім кедергі келтіре алмайды.  Ал бұйырмаса, оған таласпау керек.

Негізі кез келген мемлекет сурет өнеріне ерекше қолдау көрсету керек. Еуропада сурет саласы үлкен мәдениеттің белгісі болып саналады. Олар әрбір картинаны аса жоғары бағалайды. Мәселен, ЕуроОдаққа кіретін мемлекеттерге қойылатын талаптың бірі мықты суретшілері болу керек екен. Мықты суретшісі бар ел – мәдениеті жоғары ел деп есептеледі. Біздің еліміз де сол деңгейге көтерілу керек. 

Әлемде әйгілі картиналардан сол ұлттың бір нақышы білінеді. Дендеп қарасақ, тарихына да куә боламыз. Ал өзің ұлттық нақыш пен ұлттық тарихқа қаншалықты мән бересің?

– Менің жұмыстарымның басым бөлігі бір сәттік әсерден жазылған картиналар. Өзімді ерекше толқытқан, ішкі дүниемнің астаң-кестеңін шығарып, аласапыран күйге түсірген кездегі дүниедер. Мен көңіл күйім мен сезімімнің суретін саламын. Ал олардан ұлттық, тарихи ерекшеліктер іздеуге келмейді. Дегенмен, ұлттық, тарихи бағытты ұмыт қалдырған емеспін. Суретшінің негізгі міндеті өзінің жаны қалаған картиналарды жазу. Сонымен қатар, ұлтыма не беремін, мемлекетіме не беремін деген ойды да естен шығармаған жөн. Менің бұл бағытта «Кейкі батыр», «Сақтың әйелі», көлемі 2/3 болатын «Түркі қағаны» деген секілді бірнеше картиналарым бар. Жалпы түрлі бағытта сурет салған жақсы. Маған да қызық. Бірақ айналып келгенде барлығы да көңіл күйге байланысты.

"Қазақ батыры"
Размері 2×1,5 метр
Кенеп, майлы бояу

"Құтылық Білге қағанның
Қытайды жаулап алу сәті"
2×3 метр. Кенеп, майлы бояу

Сенің шығармашылығыңмен танысқысы келген көрермен туындыларыңды қай жерлерден тамашалай алады? Мұражайларға ілінген шығармаларың бар ма?

– Менің картиналарыммен танысу үшін ең алдымен өзімнің  шеберханама келуге болады. Сосын Has Sanat өнер галереясында біраз суреттерім қойылған. Жуырда Астанадағы Әскери ұлттық мұражайы «Кейкі батыр» мен «Сақтың әйелі» деп аталатын екі картинамды, Қазақстан концерт залы «Түркі қағанаты» деген картинамды қалап алған еді. Өткен жылы Қостанайға барып жеке көрмемді өткізіп қайттым. Сол жерде де біраз жұмыстарым ілінді. Жалпы біраз жерде бар. Бірақ мен оларды түгендеп, қарап жүрмеймін.  

Көркем суреттен бөлек немен айналысасың?

– Бұл менің негізгі айналысатын жұмысым ғой. Сурет салу менің өмірім деп айтсам да болады. Кейде балаларға сурет салуды үйрету барысында да, шеберлік сабақтарында да тек сурет салумен айналысамын. Арасында осы жұмыстарыма үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп тұрамын. 

Салған жұмыстарыңды сатылымға шығарасың ба?

– Көп емес. Кейде ғана сататыным бар. Негізі суретті сату үшін салмау керек. Егер суретті сату үшін салсаң ол өнер емес кәсіп болып кетеді. Бізде ондай кәсіпкер суретшілер менсіз де аз емес. Мен біреуге ұнасын, елдің көңілінен шықсын деп картина жазбаймын. Ол ең алдымен өзіме ұнау керек. Сондықтан да менің суреттерімді осы саланы жақсы түсінетін, шынайы өнерді бағалай алатын кісілер ғана арнайы іздеп келіп сатып алады. 

Әлі аяқтай алмай жүрген күрделі картинаң бар ма және болашақта кандай картина жазуды армандайсың?

– Аяқталмай тұрған картиналарым бар. Бірақ олар туралы айтқым келмейді. Егер айтатын болсам ойымдағыдай шықпай қалады. Бұған дейін аяқталмай тұрған жұмысым туралы айтқан едім, сол картинаның тұрғанына қазір екі жылдай уақыт болды. Әлі аяқталған жоқ. Содан бері жоспарларымды жарияламаған дұрыс деп шештім.

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңе рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Картиналар суретшінің жеке мұрағатынан

Олжас Сәндібек
Бөлісу: