«Мемлекеттік тілді меңгергеніме мақтанамын»

10 Қыркүйек 2020, 17:29 4934

Қазақ тілін жетік білетін өзбек жігіті

Сардор Юлдашев Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Өзбек этно-мәдени орталығының жанындағы «Пойтахт Ешлары» Жастар қанатының төрағасы, «Астана медицина университетінің» 7 курс интерн-дәрігері. Жас болса да қоғамдық жұмысқа белсенді араласып жүрген студент бізге қазақ тілін қалай жетік меңгергені жөнінде және Өзбек этно-мәдени орталығының Жастар қанатының жұмысы туралы айтып берді.


Сардор Юлдашев Түркістан облысы Сайрам ауданының Арыс елді-мекенінде дүниеге келген. Бала күнінен зерек болып өскен жігіт түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, бүгінгі күнге дейін белсенділік танытып келеді.

Қоғамдық жұмыстарға араласып жүргеніме төрт жыл болды. Алғашында өз еркіммен қоғамға пайдамды тигізейін деген мақсатта ерікті ретінде түрлі жұмыстарға қатыса бастадым. Содан қызығушылығым артып, өзім білім алып жүрген оқу ордасының жұмыстарына, Ассамблеяның және де Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты өткізіп жатқан әр түрлі іс-шараларға, акцияларға өте белсенді түрде қатыса бастадым. Біздің Өзбек этно-мәдени орталығының жанынан құрылған Жастар орталығының мақсаты – жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке үйрету. Сонымен қатар елордамызға еліміздің әр аумағынан келген жастарға қолдау көрсетіп, өзбек ұлтының салт-дәстүрін, мәдениетін үйрету де біздің міндетімізге кіреді. Ең басты міндет ұрпақтар сабқатастығын жалғастыру, – дейді кейіпкеріміз.

Мектепте білім алып жүргенде Сардор Юлдашев Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін оқып, аудан бойынша жүлделі екінші орынды иеленген. Сонымен қатар ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Абай оқуларына қатысып, тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленген. Сұқбат барысында қазақ ақындарының өлеңдерінен бірнеше үзіндіні оқып берген кейіпкеріміз көркем сөз бен өлең оқу оны шабыттандыратындығын айта кетті.

– Әр азамат өз ұлтын мақтан тұтады. Ал мен Қазақстанның азаматы болғанымды мақтан етемін. Егер ұлтыңды көрсете алсаң, өз еліңді, отаныңды да әлемдік аренада биікке шығара аласың. Ішінара елімізде түрлі ұлттар мен ұлыстар болсақ та, біз халықаралық арнаға шыққанда қазақ, орыс, өзбек немесе ұйғыр деп бөлінбейміз. Бәріміз Қазақстандық болып саналамыз. Және де ең бастысы бір мемлекетте өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстар арасында кедергі, бөліну болмауы керек. Себебі біз бір мемлекеттің халықтарымыз,– дейді жас жігіт.


Кейіпкерімізден Өзбек этно-мәдени орталығының жанынан құрылған Жастар қанатының жұмысы туралы былай дейді:

– Жастар қанатындағы жұмысымыз карантинге байланысты онлайн түрде өтіп жатыр. Біздің топтың шамамен алғанда 100-150 мүшесі бар. Кейбіреулері оқуларын аяқтап, кетіп те қалды. Жалпы жұмысты атқаратын топтарымыз, спортшыларымыз, ұйымдастыру жұмысына қатысатын белсенді мүшелеріміз бар. Әр бағыт бойынша әр адам өз жұмысымен айналысады.

Сардор болашақта өз мемлекетіне пайдасы тиетін азамат болсам дейді. Жас жігіт еліміздің болашағы жарқын болуы үшін еңбектеніп келеді. Ол медицинаға өз үлесіп, халыққа қарапайым тілде интернет желісінде YouTube каналын ашып, медициналық дәрістер оқып, қазақ тілінде мәлімет беруді жоспарлап жүр. Тек қазақ, орыс, ағылшын және өзбек тілдерін ғана емес, басқа да шет тілдерін үйренуді мақсат етіп отыр.

– Үшінші курста оқып жүргенімде университет кітапханасында жиналыс болды. Өзбек этно-мәдени орталығы ұйымдастырған жиынға бардым. Өзімнің жақсы билейтіндігімді дәлелдеп, мәдени орталықтың құрамына мүше болдым. Этно-мәдени орталықтағылар менің өз қызығушылығыммен келгеніме ризашылықтарын білдірді,– деді Өзбек этно-мәдени орталығының жанындағы «Пойтахт Ешлары» Жастар қанатының төрағасы.

2016 жылы Өзбек этно-мәдени орталығының мүшесі атанған Сардор Юлдашев 2017 жылы наурыз айында «Қазақстан» орталық концерт залында өнер көрсетеді. Бишілерден құралған топтың өнеріне тамсанған ұйымдастырушылар оларды Орта Азиялық үлкен концертке, «Бауыржан» фестке өнер көрсетуге шақырады.

– Шерзод Пулатов мырза өнерім мен белсенділігімді бағалап, 2017 жылы Өзбек этно-мәдени орталығының Жастар қанатының төрағасы етіп тағайындады. Таңертең сабаққа, түстен кейін қоғамдық жұмыспен айналысып, түнде жұмыс істеп бүгінгі күнге дейін бәріне үлгеріп келемін. Сонымен қатар футбол құрамамыз бар. Біздің құрам өзбек студенттерінің арасында республикалық мини футболда бірніші орын алды. Екі рет Нұр-Сұлтан қаласы бойынша футболдан бірінші  орынды иелендік. Биден әр жылдары этно-мәдени орталықтар арасында ұйымдастырылған жарыстарда алдыңғы орындардан көрініп жүрміз. Мерекелер кезінде түрлі кештер өткіземіз. Ол шараларға да үнемі қатысып, белсенділік танытып отырамыз, – белсенді студент.

   «Қазақ тілін ес білгелі білемін»

Мемлекеттік тіл барша қазақстандықтарды біріктіруші құрал. Өзге ұлттардың тілдерімен қатар біз мемлекеттік тілді білуіміз міндетті саналады. Тіл – асыл құндылық. Сондықтан да мемлекеттік тілді білу – мемлекеттілікті күшейту болып табылады.


Мен Нұр-Сұлтанға ауылдан келдім. Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін ұстанған елді-мекенде өстім. Ес білгелі қазақ тілін білетінмін. Ауылдағы көршілеріміздің басым бөлігі қазақтар еді. Менің қазақ тілін жетік меңгеруіме, менің ортам, жақындарым, достарым мен көршілерімнің себебі болды деп ойлаймын. Мектепке бармай-ақ оқу мен жазуды білетінмін. Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, адам жанының арашасы дәрігер боламын деп шештім. Дәрігер болуыма тағы бір-бірден бір себеп әкемнің денсаулығы еді.Ол кісінің жүрегі жиі ауыратын. Ең бастысы әкемді емдесем деген мақсат болды. Және де мен математика пәнін жақсы көретінмін. 10 сынып оқып жүргенімде балаларға математикадан қосымша сабақ беретінмін. Тіпті кейбір университеттер мені математика пәні бойынша оқуға шақырған болатын,– деді Сардор.

Сардор Юлдашев – үйдің кенжесі. Ол дүниеге келетін кезде анасы өлім аузынан қалыпты. Алғашында оған «Құдайберген» деп ат қоймақ болады. Кейін отбасы мүшелері ақылдаса келе «Сардор» деп атапты.

– Сардор есімі Орталық Азия елдерінің арасында кең тараған. «Басшы» деген мағынаны білдіреді. Мен әкем қырық жасқа келгенде туылғандықтан әкемнің қазақ достары «Қырықбай» деп атайтын, – дейді кейіпкеріміз.

Әңгіме барысында Сардор қазақ халқы мен өзбек халқының салт-дәстүрлерінің ұқсастықтары мен айырмашлықтары жөнінде айта кетті. Қазақтың ұлттық тағамдарының ішінде бесбармақ, бауырсақ және Наурыз көжені сүйіп жейді екен. Ата-анасы Сардорға кішкентай күнінен бастап ырым-тиымдар жөнінде санасына сіңіріп келгендіктен, қанмен берілген тәрбие оның жауапты, алғыр әрі мақсатшыл болып ер жетуіне септігін тигізіпті.

– Біздің өзбек ұлтында да бесбармақ тағамы бар.Оның қазақ ұлтынан ерекшелігі бізде еті көбірек болады. Жалпы екі ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетінде, ұлттық тағамдары қатты ұқсас. Аса бір үлкен айырмашылықтары жоқ. Біз Наурыз мерекесін асыға күтеміз. Наурыз көже дайындалады. Молшылықтың белгісі ретінде әрбір шаңырақта тағам пісіреді. Наурыз көже түркі халықтарына ортақ дәм.Сондықтан біз отбасымызбен бұл мерекені атап өтеміз. Біз отбасында өзбекше сөйлесеміз. Отбасы мүшелерінің барлығы қазақ тілін жақсы біледі. Мені, менің ұлтымды, жетістіктерімді танытып жатқан қазақ тілі. Сондықтан да қазақ тілін жеті меңгергеніме мақтанамын,– деді Сардор Юлдашев.

Сөз соңында, қазақ тілін туған тіліндей жетік меңгерген Сардор Юлдашевқа сәттілік тілейміз. Жас талаптың болашағы жарқын, талабы оң болғай! 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: