Мемлекеттік рәміздер – елдік негізі

26 Сәуір 2022, 17:13 3867

Рухани-патриоттық кездесу өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Геральдикалық зерттеулер орталығы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Сәулет-құрылыс факультетімен бірлесіп   Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай, елтаңба авторы, профессор, «Барыс» орденінің иегері, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлымен кездесу өтті.


Жиын мемлекеттік рәміздер және елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібековты Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасымен салтанатты қарсы алу рәсімімен басталды.

Іс-шараға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Серік Еркімбеков, ақын, жырау, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Баянғали Әлімжан, журналист, сықақшы Көпен Әмірбек тағы да басқа зиялы қауым өкілдері мен «Ұлттық ұлан» сарбаздары, студентер мен оқырмандар қатысты.



– Биыл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылдануына 30 жыл толса, Елтаңба авторы, профессоры Жандарбек Мәлібекұлы 80 жасқа толып отыр. Құрметті сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жандарбек Мәлібекұлының мерейтойымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізген еді , – деді жиынды жүргізген «Геральдикалық зерттеулер орталығы» директоры Асылбек Баяжұман.


 Алқалы жиында рәміздерімізді құрметтеп, келешек жастарға қадірін түсіндіріп, елтаңбамызды өз қолымен бейнелеп берген ардагер тұлғаға ілтипат білдірді.

– Биыл біздің азаттығымыздың айшықты белгілері мемлекеттік рәміздерімізге 30 жыл толып отыр. Осы бағытта министрлік жанынан арнайы «Геральдикалық зерттеулер орталығы» құрылды. Ең басты мақсатымыз патриоттықты жастардың бойына сіңіретін мемлекеттік рәміздерді, біздің геральдикалық таңбаларымыздың барлығын тереңінен зерттеу, жүйелеу және зерделеу. Сол арқылы осы бағытты ғылыми айналымға енгізу болып табылады. Осы негіздегі жұмыстар қазір жүйелі жүргізіле бастады, – деді Архив істері және құжатнаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Қаһарманұлы.



Рухани-патриоттық кездесу барысында жастарға Мемлекеттік рәміздердің құндылығы туралы түсіндіріліп, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері өз естеліктерімен бөлісті.

Мемлекеттік рәміздер қазақ елінің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы. Ата-бабамыз аңсап өткен тәуелсіздік біздің бақытымызға бұйырған. Сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеп қастерлеуіміз керек. Елтаңбаны өз қолымен ойып, елімізге табыстаған ардақты тұлға Жандарбек Мәлібекұлы ағамызға алғыс білдіреміз, – деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдыбалинов.



Кездесу Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері әнші Құрманбек пен Риза «Көк тудың желбірегені», республикалық және халықаралық ән байқаулары жеңімпазы Гүлзар Ғабдрахманқызы Омарова «Қазағым» атты патриоттық әндер шырқауымен аяқталды.

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: