«Мемлекеттік жүйеде отыр». Депутат нарко-мафиялардың триллиондаған ақша айналдырып отырғанын айтты

11 Желтоқсан 2023, 14:54 1558

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин нарко-мафиялардың кім екенін біле тұра, оларды қамауға қауқарсыз отырған ІІМ-нің жұмысына шүйлікті, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутат Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың ақпаратты материалында толыққанды талдау жоқ екенін айтты. Сөзінше, тек 2022-2023 жылғы ақпараттар берілген. Соңғы 5 жылдағы есірткіге қарсы талдау жұмыстары жоқтың қасы.

Есірткінің айналымы көбейді ме? Азайды ма? Есірткінің қандай түрлері көбейді? Қандай түрлері азайды? Бұл қандай каналдардан келіп жатыр? Олардың көлемі қандай? Әр өңір бойынша талдау жасалыну керек. Есірткіні кімдер пайдаланады? Жас шамасы? Қылмыстың түрлері? Көрші елдермен қандай шаралар жасалды? Оны қалай шешпексіздер? Қай жерде Парламенттің көмегі керек? тек заң тұрғысынан айттыңыздар, ал басқа мәселелер қайда? Ол да жоқ, - деді Жаңбыршин.

Депутат ІІМ мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жүргеніне тоқталды.

Орындаушылар ұсталады, бірақ ұйымдастырушылар, нарко-мафиялардың бір де бірі ұсталмаған. Бұл дегеніміз, не құқық қорғау органдары жұмыс істей алмайды немесе ұйымдастырушылар үлкен мемлекеттік жүйеде отырған адамдар деп есептеймін. Бұл – үлкен бизнес. Бұл жерде триллиондаған ақша айналып жатыр. Бұны жоятын шара көріп отырған жоқпын. Неге каналдар жабылмайды? Бәрін білесіздер, кім сатып отырғанын, қандай каналдан келіп отырғанын және оның барлығы әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Өтірік айтып не керек? Жаңа Қазақстанда жаңа жүйемен жұмыс істеуіміз керек. Барлығын ұстайық, апарып қамайық. Қандай қатаң заң керек, біз парламент жасап берейік, - деді мәжілісмен.

Миражан Махан
Бөлісу: