17.12.2025
19:53
811
Мемлекеттік ту ілінген көліктерге қатысты ІІМ маңызды ескерту жасады

Мемлекеттік ту ілінген көліктерге қатысты ІІМ маңызды ескерту жасады

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай бірқатар азаматтар көліктерін Мемлекеттік тумен безендіріп, патриоттық ниеттерін білдірді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға арнайы түсіндіру жасап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ІІМ мәліметінше, заңнамада мемлекеттік туды көлікке орналастырғаны үшін жауапкершілік көзделмеген. Алайда бұл ретте жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау міндетті. Өкінішке қарай, мерекелік күндері кейбір жүргізушілер жол ережелерін бұзып, өзге қозғалыс қатысушыларына кедергі келтірген.

16 желтоқсанда Шымкент пен Алматы қалаларында полиция қызметкерлері көліктеріне ту ілгенімен, жол қозғалысы қағидаларын бұзған бірнеше жүргізушіні тоқтатты. Тексеру барысында олардың кейбірі көлікті жүргізу құқығынсыз басқарғаны, апаттық жағдай туғызғаны және көлікті заңсыз жабдықтағаны анықталды. Осыған байланысты олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралар Мемлекеттік туды пайдалануға емес, нақты жол ережелерінің бұзылуына қатысты қабылданды, - деді ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Сондай-ақ Алматы қаласында полиция қызметкерлері шарлармен безендірілген қоғамдық көліктің жүргізушісі мен жолаушыларына мұндай әрекеттердің адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін түсіндірген. Ал көлікті заңсыз тоқтатуға қатысты жекелеген деректер бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Аталған фактілерге жол берген полиция қызметкерлері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

ІІМ азаматтарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.