Мемлекеттік тілде толық ақпарат ұсынбаған сатушы айыппұл арқалады

14 Сәуір 2023, 09:43 1072

Мотор майларын сатушы мемлекеттік тілде толыққанды ақпарат ұсынбады деген «Кешенді қоғамдық мониторинг орталығы» ЖҚБ ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің ШҚО бойынша департаментіне шағым түсірген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Арызданушының айтуынша, мекеме техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейтін мотор майын сатқан.

«Өтініш негізінде департамент мотор майларын сатушыға қатысты жоспардан тыс мемлекеттік бақылау жүргізді. Тексеру барысында мотор майлары тұтынушы үшін мемлекеттік тілде толық емес ақпаратпен сатылғаны анықталды», – делінген ҚР СИМ таратқан мәліметте.

Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес мотор майларын бөлшек саудада сату кезінде тұтынушыға арналған ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерде болуы керек. Міндетті сәйкестікті растауға жататын өнімді дайындаушылар, импорттаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар, сатушылар өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті.

Осы талапты бұзғаны үшін кәсіпорын ҚР ӘҚБтК 415-бабы 1-тармағының 1-тармақшасы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: