Мемлекеттік қолдау және СҚО тәжірибесін кеңейту: Қазақстан сүт өндірісін қалай дамытып жатыр

8 Маусым, 09:45 641

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ҚР Үкіметінің жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында агроөнеркәсіп кешенінің барлық секторында тиісті даму жобалары іске асырылуда, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Жоғары сападағы сүт өндірісін ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету үшін мемлекет сүт-тауарлы фермаларын іске қосуды белсенді түрде қолдап, ынталандырады.

Жалпы, соңғы үш жылда олардың саны 446-ға дейін өсті. Тек өткен жылдың өзінде сүтті және етті бағыттағы ірі қара малдың саны 2021 жылмен салыстырғанда 5,2%–ға өсіп, 7,4 млн басқа, оның ішінде сиырдың саны 13,4%-ға артып, 4,2 млн басқа дейін көбейді. Өз кезегінде, мұның бәрі сүт өндірісінің артуына (2023 жылы +4,9%) әкелді.

Былтыр сүт өндірушілерге арналған мемлекеттік субсидия көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге – 23 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін өсті. Мұнда 10 бағыт қарастырылған: асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу, асыл тұқымды бұқаларды табынға жіберу, сүт өндіру құнын арзандату, жемшөп шығындарын азайту және басқалар.

Сүтті бағыттағы ІҚМ өсіруге арналған нысандарды салу және кеңейту және сүт-тауарлы фермаларына арналған жабдықтарды (сауу аппараттары, сүтті салқындатқыштар және т. б.) сатып алу кезінде фермерлердің инвестициялық салымдары да 25% мөлшерінде субсидияланады.

Бұдан бөлек, мемлекет мал басын, техника мен технологиялық құрал-жабдықтарды сатып алу үшін фермерлердің несиелік және лизингтік мөлшерлемелерін 6% деңгейіне дейін жеткізе отырып субсидиялайды.

Қазіргі уақытта мал шаруашылығын, ең алдымен сүтті мал шаруашылығын дамытуда негізгі тежегіш фактор — жемшөп базасының жеткіліксіздігі. Жалпы республика бойынша мал азығын өндіру көлемі зоотехникалық норма бойынша талап етілгеннен 2 есе аз. Егіс алқаптарындағы жемшөп дақылдарының үлесі ғылым ұсынған 30%-ға қарағанда аз, шамамен 13,4% құрайды.

Сондықтан Қазақстандағы сүт өндірісінің негізгі бөлігі маусымдық сипатқа ие, яғни өндіріс жазғы мезгілде жайылымдық жердің шөбін пайдалана отырып жүзеге асырылады. Бұл маусымаралық кезеңде қайта өңдеу кәсіпорындары үшін шикізат тапшылығына әкеледі. Сүт өндірісінің тұрақтылығына тек мықты жем-шөп базасымен қамтамасыз етілген және сүтті сиырларды жыл бойы қорада ұстайтын сүт-тауарлы фермаларында ғана қол жеткізіледі.

2023 жылы 2020 жылмен салыстырғанда республикада жемшөп дақылдарының алқабы 100 мың гектарға немесе 3,1-ден 3,2 млн гектарға ұлғайды. Олардан алынатын жалпы өнім 2020 жылғы 4,6 млн тоннадан 2022 жылы 4,9 млн тоннаға дейін өсті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жем-шөп өндіру көлемінің белгілі бір ұлғаюына қол жеткізілді. Бүгінгі күні ірі азықпен қамтамасыз ету 80% (2020 жылы – 5%), шырынды жем – 60% (2020 жылы – 50%), концентрацияланған жем – 50%-ды (2020 жылы – 48%) құрайды.

Саланың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін ҚР Үкіметі 2023-2025 жылдарға арналған жемшөп өндірісін дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруда. Ол 2025 жылға қарай жемшөп дақылдарының егіс алқабын 3,3 млн гектарға дейін жеткізуді көздейді. Өткен жылдың өзінде 2020 жылмен салыстырғанда республикада жемшөп дақылдарының көлемі 100 мың гектарға немесе 3,1 млн гектардан 3,2 млн гектарға ұлғайды.

Мемлекет басшысының Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін кеңінен тарату жөніндегі бастамасы сүт-тауарлы фермаларын дамытудағы маңызды қадам болды. СТФ салу жөніндегі жобаны іске асыру есебінен сала жетекші орынға шықты. Өңірде республикадағы сүт көлемінің 10%-дан астамы өндіріледі. Оны өндірумен 52 мың бас малы бар 100-ден астам агроқұрылым айналысады, оның 38-і заманауи сүт кешені.

СҚО-да соңғы 6 жылда мал басының жалпы саны 16 мың сиырдан асатын және қуаты 81,8 мың тонна сүт өндіретін 30-дан астам сүт фермасы іске қосылды. Сондай-ақ бұл 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жобаларды іске асыруға 39,5 млрд теңге инвестиция салынды.

СҚО тәжірибесін кеңейту шеңберінде 2023 жылы сенімді агент арқылы АӨК саласындағы жобаларға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске асырыла бастады. Оның негізгі мақсаты: импортты алмастыру, ішкі нарықты отандық өніммен толтыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру.

Өткен жылы бағдарламаны іске асыруға жалпы өндірістік қуаты жылына шамамен 372 мың тонна сүтті құрайтын 65 сүт-тауарлы фермасын несиелеу үшін 100 млрд теңге бөлінді. Шарттарға сәйкес 5 млрд теңгеге дейінгі жеңілдетілген несие 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2,5%-бен беріледі.

Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі ет шаруашылығы, жылыжай кешендерін, жеміс сақтау қоймаларын, балық өсіру шаруашылықтарын, балық өңдеу кәсіпорындарын, құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторларды салу және т. б. жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі болуы үшін бағдарламаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Жалпы, 2024 жылы Бағдарламаны жүзеге асыруда 80-ге жуық жобаны іске қосу үшін 100 млрд теңге қарастырылған.

Халықаралық ынтымақтастық та бір орында тұрған жоқ. Осылайша, 2024 жылы ФАО (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) Қазақстанда сүтті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі ұзақмерзімді салалық бағдарламаны әзірлеуге техникалық қолдауды мақұлдады. Бұл ФАО-ның Техникалық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын болады.

Сондай-ақ қазақстандық-германдық KFM сүт жобасын атап өткен жөн. Мемлекет басшысының 2019 жылғы желтоқсанда Берлинге ресми сапары барысында аталған жобаны іске асыру туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылған болатын. Оның аясында Германияның Федералды азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның фермерлеріне сүт-тауарлы фермаларын дамыту бойынша білім мен дағдыларды меңгеруде қолдау көрсетеді.

4 жылға жуық уақыт ішінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының шаруалары тиісті консалтингтік қызметтер алды. Қазіргі уақытта жоба жұмысы Алматы облысында «Байсерке-Агро» ОҒӨО базасында кеңесшілер даярлау және сүт саласы мамандарының біліктілігін арттыру бойынша шоғырланған.

Ішкі нарықты сапалы отандық азық-түлік өнімдерімен толықтыру – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Қазірдің өзінде оң нәтижелер бар, сондықтан жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу маңызды. Даму бағдарламаларын одан әрі іске асыру Қазақстанға өндіріс деңгейін едәуір арттыруға және көптеген тауар түрі бойынша өз қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: