Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі: ШОБ өнімінің көлемі 19%-ға өсті

Бүгiн, 15:13 125

Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қабылданған шаралары экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 1,8%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді және бүгінде ол 38,2%-ды құрайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы жылдың 1 желтоқсанында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,5%-ға артып, 2 млн кәсіпорыннан асты. Осы секторда барлығы 4,2 млн-нан астам қазақстандық жұмыспен қамтылды. Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 2024 жылдың 2 тоқсанында 19,1%-ға ұлғайып, 34,2 трлн теңгені құрады.

Қазақстанда экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау жаңа деңгейге жетті: бизнеске 6,3 млрд теңге көлемінде шығындарды өтеу қамтамасыз етілді. Салалардың әртараптандырылуына ерекше назар аударылып отыр. Бұл елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді. Қабылданған өтінімдер саны бойынша көшбасшылар қатарында Қостанай облысы, Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстары тұр. Биыл жалпы 500-ге жуық компания түрлі қолдау шараларын алды, оның ішінде экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу, Alibaba.com платформасына шығу, көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, шығындарды өтеу және басқа да шаралар бар. Олардың 90%-дан астамы азық-түлік саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері.

Президент қол қойған Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң аясында биыл тексеруден профилактикалық іс-шараларға көшу арқылы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі қайта қаралды. 66 саланың тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жүргізілді. Бизнес-ахуалды жақсарту және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Өңірлік маңызы бар актілер талданып, бизнеске 1 мыңға жуық негізсіз талаптар анықталды. Әкімдіктер оларды алып тастау бойынша жұмыс жүргізуде.

Сондай-ақ биыл кәсіпкерлікке арналған міндетті талаптар тізілімі іске қосылды, оның ерекшелігі кәсіпкерлерді тізілімнен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату болып саналады.

Президенттің бастамасымен «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» атты екі бағдарламаның құралдарын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаны қабылдау маңызды қадам болды. Мықты және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру мақсатында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады (шамамен 50%).

ШОБ жобаларын нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшумен субсидиялаудың сараланған әдісі көзделген. Кредиттер бойынша кепілдік беру құралы кеңейтілді: кепілдіктер сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды және бизнес субъектілері үшін 1 млрд теңгеден астам несие сомасы бойынша нарықтық шарттарда кепілдік алуға мүмкіндік берілді. Биыл барлығы 840,5 млрд теңге кредиттердің жалпы сомасына 14,5 мың жоба субсидияланды, төленген субсидиялар сомасы 226,2 млрд теңгені құрады. 241,2 млрд теңгеге 7,3 мың жоба бойынша кепілдіктер берілді. ШОБ-ты қолдаудың тағы бір құралы синдикатталған кредиттеу болды, ол бір мезгілде бірнеше банктер 15 млрд теңгеге дейінгі ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді.

Облигациялық қарыздар беру шарттары кеңейтілді: эмитент-кәсіпкер облигация шығарылған кезде купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ала алады және 5 жылға дейінгі мерзімде 5 млрд теңгеге дейін 6%-бен қаржыландыруға қол жеткізе алады.
 
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін биыл 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар және салалық шектеулерсіз 7% мөлшерлеме бойынша 1,5 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау енгізілді. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: