Мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса береді – Зайытов

17 Сәуір, 14:21 634

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да барын айтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында топан су басқан өңірлердегі мәселені көтерді.

Біріншіден, тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. Жергілікті билікпен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерім Д. Тұрғанов, Б. Базарбек Жылой аудандық мәслихатының депутаты С. Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады, - деді ол.

Депутат «бөренеден аттаймыз» деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса беретінін алға тартады.

Президентіміз айтқандай жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс. Екіншіден, апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі де толық білмейді, өйткені, шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған, Комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сол себептен Комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз, - деді Ринат Зайытов.

Халық қалаулысы апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды сұрайды. Сонымен қатар, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдетуді сұрады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: