Мемлекеттік наградалар туралы заң мақұлданды

25 Сәуір, 14:55 769

Бүгінгі Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы ҚР заңы қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор Алишер Сатвалдиев соғыс майданындағы ерлігі – елге мұра, бейбіт күндегі ерен еңбегі ұрпаққа – үлгі болған батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін ұлықтау арқылы Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру мақсат тұтқан заңды толық қолдайтынын жеткізді.

Әріптестеріміз Нұртөре Байтілесұлы, Ғалиасқар Төлендіұлы және Парламент Мәжілісінің бір қатар депутаттары бастамашылық еткен бұл құжат қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясының негізгі ұстанымы – Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіне қызмет атқарады деп сенемін. Заңда көзделген стратегиялық мақсатың бірі ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, жас ұрпақтың рухын көтеру, өзін – өзі дамыту, кәсібилік, бәсекеге қабілеттілік, сыни көзқарас пен ойлау, адами ұстанымдарды қалыптастыратын тәрбие беру және тәрбиелік ортаны құру болып табылады, - деді сенатор.

Алишер Сатвалдиевтің сөзінше, қазіргі қоғам дамуы тұлғаның жаңа әлеуметтік типін қалыптастыруды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елжанды, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуді талап етеді. Сондықтан талқыланып отырған заңның патриоттық тәрбие тұрғысынан және ұрпақтар сабақтастығын байланыстыруда маңызы ерекше. Сөз соңында сенатор «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» деген халық даналығын дәріптей келе, талқылап отырған заңды қолдауға шақырды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мақұлданған заң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес әзірленгенін айтты.

Президентіміз «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырларының есімін беруді ұсынған еді. Бұл шешім осы марапаттың мазмұнын байытып, көрнекті тарихи тұлғаларды дәріптеуге жақсы мүмкіндік берері сөзсіз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: