Мемлекеттік Дума Төрағасының орынбасарына ҚХА-ның «Бірлік» медалін тапсырды

7 Қазан 2019, 18:38 2105

3 қазан күні Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына жұмыс сапары кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев РФ Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Сергей Неверовпен кездесті. Жансейіт Түймебаев ресейлік әріптесіне екі ел арасындағы достық қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлік" медалін тапсырды.

Екіжақты кездесу кезінде Жансейіт Түймебаев парламентаралық байланыс орнатудың екі елдің экономкалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық байланысын нығайта түсудегі маңызының жоғары екендігіне басымдық берді. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сай, Қазақстан халқы Ассамблясының депутаттық корпусына өзге елдермен парламентаралық байланыс орнату мен нығайту туралы тапсырма берілген болатын. Ресей Мемлекеттік Думасымен бұл тұрғыда жемісті жұмыс жасаймыз деп сенеміз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

«Ресейдің көлемі жағынан ең ауқымды шекарасы Қазақстанмен жалғасып жатыр. Ресей Федерациясының 12 өңірі Қазақстан Республикасының 8 өңірімен шекаралас. Бұл тұрғыда екі ел арасындағы өңіраралық байланыс аясындағы жұмыстар жоғары маңызға ие», - деген Сергей Неверов екі елдің шекаралас бірнеше өңірлері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, кездесу кезінде екі елдің даму тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың маңыздылығы айтылды. Екіжақты қатынастың жоғары деңгейін атап өткен Сергей Неверов пен Жансейіт Түймебаев барлық сала мен деңгейде ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге келді.

Осы мақсатта Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Ресей Федерациясының Мемлекеттік Дума Федералдық Жиналысының ынтымақтастық жөніндегі Палатааралық парламенттік комиссия жұмыс жасайды. Аталған комиссияға қазақстандық тараптан Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко, ал ресейлік тараптан РФ Мемлекеттік Думасы Федералдық жиыны Төрағасының орынбасары Сергей Неверов теңтөрағалық етеді.

Палатаралық Парламенттік комиссияның 10-шы отырысы 2018 жылы Ресейде өткен болатын. Отырыс кезінде қос тарап шекаралық аймақтарды дамыту мәселесінде бір мәмілеге келген болатын. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың айғағы ретінде екі ел аумағында жалпыхалықтық көрмелер ашылып, Қазастан мен Ресей достығын, ынтымақтастығын паш ететін іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал, 2020 жылға жоспарланған Комиссияның 11-ші отырысы Қазақстанда өткізілетін болады. Мәжіліс қабырғасында сондай-ақ, РФ Мемлекеттік Думасының Федералдық Жиынымен ықпалдастық жөніндегі топ жұмыс жасайды.

Бұл Мәжіліс пен Мемлекеттік Дума арасындағы парламентаралық байланыстың тұрақты дамуының айқын көрінісі. Сондай-ақ, екі ел халықаралық парламентаралық ұйымдар жұмысы аясында да өзара қарым-қатынас пен ықпалдастықта. Оның ішінде, ТМД Парламентаралық Ассамблеяның, ОДКБ, ОБСЕ парламент ассамблеяларының, парламентаралық Одақ жұмысын атап өтуге болады.

Кездесу кезінде тараптар Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің өзара байланысының үзілмеуіне екі елдің арасындағы стратегиялық байланыстың беріктігі себеп деді.

Сергей Неверовке Елбдасы тапсырмасы бойынша табысталған «Қазақстан халқы Бірлігі» медалі Қазақстанның бірлігі пен тұрақтылығына, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына үлес қосқан қазақстандық және шетелдік мемлекеттер азаматтарына берілетін мадақтау белгісі болып табылады.

 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: