Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөнінде нақты міндет қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай қадам мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып, шешім қабылдау процесін барынша ашық, жүйелі және болжамды етуге бағытталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект элементтері министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың күнделікті қызметіне ене бастады. Цифрлық технологиялар жөніндегі сарапшы Темірлан Зиналабдиннің пікірінше, бұл – ұзақ жолдың бастауы ғана, алайда бағыт айқын:
Бұрын цифрландыру қызметтерді онлайн форматқа көшірумен шектелсе, бүгінде ел аналитика мен болжамдауға негізделген басқару моделіне өтуде. Мәселен, Қаржы министрлігі жасанды интеллектті салықтық тәуекелдерді бағалау үшін қолданса, Ішкі істер министрлігінде алгоритмдер көлік ағындарын және бейнебақылау деректерін талдайды. Бұл – есеп үшін жасалатын автоматтандыру емес, нақты уақыттағы деректермен жұмыс, – дейді сарапшы.
Жасанды интеллект жүйелерін енгізу үдерісі аймақтарда да қарқын ала бастады. Ақмола облысында «Digital Aqmola» жобасы іске асуда. Бұл жоба азаматтардың өтініштерін жасанды интеллект арқылы саралап, тиісті мемлекеттік қызметтерге автоматты түрде бөледі.
Ал Павлодар мен Қостанай облыстарында инфрақұрылым нысандарына алдын ала диагностика жасайтын интеллектуалды жүйелер сыналуда. Мұндай шешімдер апатты жағдайлардың алдын алуға және бюджет шығынын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Ең бастысы – өңірлер дайын шешімдерді орталықтан күтпей, өз жобаларын іске асыруы керек. Әр аймақ көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология сияқты салаларда өзіндік жасанды интеллект бастамаларын дамытса, нақты нәтижеге қол жеткізуге болады, – дейді Темірлан Зиналабдин.
Жасанды интеллектті енгізу қарқыны квазимемлекеттік секторда едәуір жоғары. «Самұрық-Қазына» қоры SKAI атты цифрлық кеңесші жүйесін іске қосты. Бұл – отандық нейромодельге негізделген «сандық директорлар кеңесінің мүшесі», ол корпоративтік тәуекелдерді талдап, шешім қабылдау сапасын арттыруға көмектеседі.
Сарапшының айтуынша, мұндай бастамалар елдің басқару мәдениетінде жаңа дәуірдің басталғанын аңғартады:
Жасанды интеллект тек әдемі көрініс немесе есеп үшін жасалатын элемент емес, нақты басқару құралы болуы тиіс. Егер мемлекеттік аппарат аналитиканы сылтау емес, іс-әрекет тетігі ретінде пайдалана білсе, онда біз шынайы басқару реформасына қол жеткіземіз. Бұл – жай ғана цифрландыру емес, басқару ойлауының жаңа деңгейі, – дейді Зиналабдин.
Жасанды интеллект – мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңіне жол ашатын шешуші құрал. Ол бюрократиялық кедергілерді азайтып, шешім қабылдаудың дәлдігі мен жылдамдығын арттырады, ал азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады.
Қазақстан үшін басты мақсат – цифрландырудан деректерге негізделген интеллектуалды басқаруға көшу. Бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беріп, заманауи мемлекеттік менеджменттің жаңа парағын ашпақ.