Мемлекетке адал қызмет ету – үлкен абырой

23 Маусым 2023, 13:50 2057

Мемлекеттік қызмет – басқару  аппаратындағы кәсіби қызметкерлер топтасқан ұйым. Әр мемлекетте мемлекеттік қызметтің бағыт-бағдары  мен қызметі әртүрлі жолмен анықталады.

Тарихи деректерге сүйенсек, Ерте Рим мен Византияда жоғары шенділерге қызмет көрсететін жеке қызметкерлерінің міндетін анықтау мақсатында пайда болған. Ерте Римде осындай жүзге жуық жаңа лауазымдар тізімі бектіліген екен. Ал Қытай елдерінде мемлекеттік қызмет жүйесі 206 жылы қалыптасқан деседі. Қытай империясы 15 бөлікке және 10 хандыққа бөлінген.

Ал 10 хандық 1587 префектураға бөлініп олардың барлығын билейтін мемлекеттік қызметкерлер тізімі бектіліген. Тоғыз рангілік басқару жүйесі құрылған. 605 жылы Суй династиясы ел басқарған кезде болашақ шенеуніктер емтихан тапсырып, одан кейін жаңа лауазымға тағайындалуды күткен екен. Мұны Кэцзуй жүйесі деп атаған. Тағайындалған соң тексеру мерзімі белгіленіп, оның жұмысының тиімділігіне сай жалақы тағайындалған.  Қазақстаннның мемлекеттік қызмет жүйесі еліміз тәуелсіздік алған кезден қалыптаса бастады.

Бұған дейін Кеңес Одағының құрамында болғандықтан, Одақ басшылығы бекіткен мемлекеттік қызмет жүйесімен жұмыс жасады. Дегенмен тоқсаныншы жылдары ескі жүйемен қызмет ету жалғасын тапты.

 Ішінара өзгерістер енгізгені болмаса нақты реформа жасалмады. 2000 жылдың бас кезінен Қазақстан шетелдік тәжірибелерді зерттеп, зерделей отырып, жаңа мемлекеттік қызметтің моделін қалыптастыра басталды. Алғаш рет Президент бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде оқып келген жастар мемлекеттік қызметке кірісіп, жаңа леп бере бастады. Қазіргі таңда 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерлер болса, әр қызметкерге жүктелген міндет ауқымды.

Әр азаматтың мемлекет мүддесі үшін жасайтын ісі көзге көрінбесе де ұшан теңіз істер атқарылып, оның игілігін ел көріп жатыр.

Осы мақала авторы ретінде он жеті жылға жуық ауылдық әкімдіктен, министрлікке дейінгі аралықта меритократиялық жолмен келдік. Ешкімнің алдына барып, жалынып, жалбарынып көрген емеспін. Еңбегімді бағалаған жоғары басшылық қызмет ұсынды. Мен бардым. Қолымнан келгенше заң аясында адал еңбек етуге тырысып келеміз.

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы төмен, әлеуметтік жағдайы қарастырылмаған кезде де еңбек еттік.

Бүгінгі күні, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өсті. Басқару саласына «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған жастар мен «Президент жанындағы жастар кадрлық резервінен» келген азаматтар еңбек етуде. Қазақстанда жастардан құралған, жаңа көзқарастағы жаңа мемлекеттік қызметкерлерді қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп, ауқымды реформалар қолға алына бастады.

Бұл бағытта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі жұмысындағы басымдықты мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру, мемлекеттік қызмет саласында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды көздеп отыр.

2021 жылы мемлекеттік қызметшілер саны қысқартылды. Жалпы алғанда, 8,6 мыңға жуық лауазым оңтайландырылды (96,9 мыңнан 88,3 мыңға дейін), олардың 1 мыңнан астамы басшы лауазымында болды.

2018 жылы жекелеген мемлекеттік органдарда факторлық-балдық шәкілге негізделген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі пилоттық түрде жүзеге асырылды.

Факторлық-балдық шәкілді енгізу мемлекеттік қызметшілер күтетін реформалардың бірі болғанын мойындау керек.

Мемлекет басшысы оны толық көлемде енгізу жөнінде тапсырма берді.

Агенттік Президент тапсырмасына сәйкес іріктеу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметтен «шығу» тәртібін оңайлату жөніндегі жұмыс басталды. Бізге кадрларды іріктеудің және оларды ілгерілетудің ашық, ең бастысы – әділ жүйесін қалыптастыру қажет.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет жүйесінде цифрлық технологияларды кеңінен қолдану үшін агенттік «Е-қызмет» ИАЖ дамыту және жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қолға алған.

Қазіргі таңда, «Е-қызмет» ИАЖ жаңғырту шеңберінде персоналды басқару қызметтеріне күнделікті жүктемені азайту, кадрлық бизнес-процестерді оңтайландыру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау есебінен қағаз құжаттардан ішінара бас тарту жұмыстарын жүйелеуді жоспарлануда.

Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету және оның сапасын арттыру күн тәртібінен түспейтін басты мәселенің бірі. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексінің сақталуына бақылау іс-шараларын жүзеге асыру, соның ішінде мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуы және этикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріндегі қызметін үйлестіру Агенттіктің тұрақты бақылауға алып, тексерістер жүргізіп отырады.

Мәселен, өткен жылы 720 тексеру жүргізіліп, мемлекеттік қызмет саласындағы 10 мыңнан астам (10 250) заң бұзушылық анықталды. Жіберілген бұзушылықтар үшін жауапсыздыққа
265 лауазымды тұлға тартылды.

Сондай-ақ, 107 әкімшілік іс қозғалды, олардың нәтижелері бойынша 99 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды Мемлекеттік қызметшілер арасында бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әдеп жөніндегі кеңестермен 176 отырыс өткізілді, онда 1 129 мәселе қаралды (тәртіптік істер – 542, профилактикалық мәселелер – 587).

Жақында ғана Президентіміз өзін халықпен келісім-шартқа отырып, жеті жыл мерзімге дейін қызмет көрсететін менеджермін деді. Халықтың үніне құлақ асып, оның талап, тілектерін заң аясында қарап, адал да әділ шешім шығарып, еңбек ету қазіргі мемлекеттік қызметкерлердің басты міндеті.

Өкінішке қарай, жылы креслоға отырған соң мемлекет алдындағы міндетін ұмытып, бюрократизммен жемқорлыққа бой алдыратындардың бар екені өтірік емес. Бүгінгі таңда Әдеп жөніндегі кеңестердің ұсынымдары бойынша
397 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде Әдеп кодексін бұзғаны үшін 212 мемлекеттік қызметші бар. 

Әр мемлекеттік органдар әдеп жөніндегі уәкілдер бар. Олардың басты мақсаты мемлекеттік қызметкерлердің құқығын қорғау.,

Заңсыз жұмыстан шығару, психологиялық қысым көрсету сынды түрлі әрекеттер орын алып жатады. Мұндай жол бермеу және дер кезінде әрекет ету осы Уәкілдердің басты міндеттері болмақ.

Өткен жылы Агенттік мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған әдеп жөніндегі Уәкіл институтын одан әрі жетілдіру туралы кешенді жоспарды іске асырды.

Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Агенттік «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға Агенттікке мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторингті жүзеге асыру және оны жүргізу қағидаларын бекіту бойынша өкілеттіктер беру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамашылық жасағанын атап өту қажет.

Мемлекеттік органдардағы қашықтықтан, аралас қашықтықтан және икемді жұмыс кестесін бірыңғай ұйымдастыру тәсілдерін белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен кепілдіктерін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Агенттік тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірледі, олар барлық мемлекеттік органдарға жеткізілді.

Мемлекеттік қызмет атқару үлкен абырой.  Өткелі қиын болғанмен, әр қайсысының күш-жігері мен талапты қажет ететін, білім мен білікті, тәжірибенің сарқылмас күші бар азаматтардың атқарып жатқан еңбегі бағаланып жатыр. «Ұлтқа қызмет ету мінезден»-деп Әлихан атамыз айтқандай, «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құратын бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің күрделі кезеңде қызмет етіп жатқанын атап өту керек. 23 маусым Мемлекеттік қызметшілер күні.

 Бұл атаулы күннің тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастау алады. 2002 жылы 20 желтоқсанда Бірікке Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырды.

Әлбетте, қай салада болмасын ел ертеңі мен кемел келешегі үшін жасаған әрбір ісіңіз, ата-бабамыздан мұра боп қалған ұланғайыр дала төсінде өсіп, өніп келе жатқан он тоғыз миллион азаматымыздың жарқын болашағы үшін жасалатыны хақ. Өскелең ұрпағымыздың ертеңі үшін, бүгінгі күні жүргізіліп және атқарылып жатқан игі істердің жемісін көретін күні ертең-ақ туары сөзсіз. Ең бастысы отанымыз тыныш болғай.

Мақаламның соңында мемлекеттік қызметте үзенгілес болып, ел мүддесі үшін адал еңбек етіп жүрген барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.

Асылбек Байжұмаұлы
Бөлісу: