Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады

23 Маусым 2022, 18:32 2062

Бейбіт Исабаев мемлекет басшысына Жетісу облысының қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, – деп хабарлайды El.kz порталы Ақордағасілтеме жасап.

Бейбіт Исабаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жетісу облысының қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндады.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы мен өңдеу секторын дамытуға баса мән беріледі. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, минералды шикізатты өндіру және өңдеу саласында құны 730,3 миллиард теңге болатын 24 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аясында 3440 жұмыс орны ашылады. Облыс әкімі Президентке өңір экономикасын дамыту үшін туризм саласының мол әлеуеті бар екенін айтты. Бүгінде Алакөл көлінің жағалауындағы инфрақұрылымдарды дамытуға, Балқаш көлі бағытындағы жол құрылысына қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президент облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру маңызды екеніне назар аударды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңірдегі суармалы алқаптарды ұлғайтуға бағытталған ирригация жүйелерін жаңарту, қолжетімді баспана құрылысының көлемін арттыру, жолдарды жөндеу, облыстағы елді мекендерді газбен қамту, өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті дамыту, педагогтар мен дәрігерлердің тапшылығын жою сияқты бірқатар өзекті мәселені шешу қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбіт Исабаевқа азаматтардың түйткілді проблемаларын шешу және Жетісу облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.

Бөлісу: