Бюджетке айыппұл төлеуден 78 млрд теңгеден астам қаражат түсті

7 Қазан 2022, 18:32 1416

Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мәлім етті

7 қазанда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Төрағасы Сәбит Нұрлыбай жедел кеңесте ведомствоның 9 айында атқарған жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды El.kz комитеттің баспасөз  қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес барысында Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қызметтің негізгі бағыттары туралы, цифрлық жобаларды іске асыру бойынша, сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Бас Прокурордың тапсырмаларын орындауға қатысты есеп берді.

Қазіргі таңда қылмыстық істердің 90%-дан астамы электрондық форматта тергелуде.

9 айдың қорытындысы бойынша елімізде  айыппұлдарды өндіріп алу 72%-ды құрады, мемлекет бюджетіне айыппұл төлеуден 78 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Электрондық форматта ресімделетін әкімшілік хаттамалар мен нұсқамалардың саны 6 млн астам немесе жалпы санының шамамен 90%-ын құрады.

Тексерулерді есепке алу саласында Комитет пен оның аумақтық органдарының прокурорлары 426 заңсыз тексерулердің жолын кесті, мораторийге байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулердің 80% - ға төмендегені де байқалады.

Мемлекет басшысының 19 мамырдағы отандық бизнес өкілдерімен өткен кеңестің қорытындысы бойынша берген тапсырмасын орындау аясында Комитет «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпкерлікпен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды есепке алуды іске асырды.

Аталған функционал осы салада басталған сотқа дейінгі барлық тергеулерді қадағалауға және бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдармен бірлесіп «таза парақтан реттеу» жаңа саясатын енгізу, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту және мемлекеттік бақылауды автоматтандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Жұмысты қорытындылай келе, Сәбит Нұрлыбай Комитет алдындағы басым міндеттерді белгілеп, олардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Атап айтқанда, мемлекеттік құқықтық статистиканың дұрыстығын қамтамасыз етуге, қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласуына жол бермеуге баса назар аударды.

Бөлісу: