Мемлекет басшысының Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аяқталды

18 Қаңтар 2023, 17:02 1505

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі «Әл-Уатан» сарайында өтті. Мемлекет басшысының құрметіне  21 рет зеңбіректен оқ атылып, Қазақстанның әнұраны орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бір-біріне ілтипат білдіріп, Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Президенттер екі елдің ресми делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз  жүргізді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның бірлескен мәлімдемесі жарияланды.

Қазақстан мен БАӘ Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі 12 тармақтан тұрады:

Мемлекет басшысы Abu Dhabi Ports Group компаниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен кездесті. Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Президент Abu Dhabi Ports Group компаниясының Каспий теңізіндегі теңіз және порт инфрақұрылымын дамытып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде келісімге қол қою жоспарын құптады.

Президент Абу Даби әмірлігінің билік басындағы әулетінің аға өкілі, БАӘ-нің ірі кәсіпкерлерінің бірі, «First Abu Dhabi Bank» акционері Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның аймақтағы басты экономикалық және сауда серіктесі екенін, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен бүгінгі келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде уағдаластыққа келгенін, сондай-ақ маңызды келісімдерге қол қойғанын жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен БАӘ үкіметтері қабылдаған Стратегиялық инвестициялық жобалар жасау туралы бірлескен декларация екіжақты серіктестікті нығайтуға тың серпін береді.

Мемлекет басшысы Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесті. Кездесу барысында энергетика саласындағы бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан 2060 жылға дейін көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізуді, сондай-ақ 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 4 пайыздан 15 пайызға дейін  арттыруды көздеп отырғанын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті.

Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға алғыс айтып, Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары аясында нәтижелі келіссөздер жүргізілгенін және екі ел арасында маңызды екіжақты келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті.

EL.KZ
Бөлісу: