Мемлекет басшысының атына Республика күніне орай құттықтаулар келіп жатыр

26 Қазан 2023, 14:07 1008

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларынан құттықтау жеделхаттары толассыз түсіп жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 ГФР Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер құттықтау жетелхатында Қазақстан мен Германияның өзара сенім мен серіктестікке негізделген қарым-қатынасы соңғы 30 жыл ішінде таңқаларлық деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Елдеріміз арасындағы тығыз байланыстар жоғары деңгейдегі саяси кездесулерде ғана емес, сондай-ақ әртүрлі саладағы табысты ынтымақтастықтан да көрінеді. Германия болашақта да Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді және Сіздің бастамаңызбен жүргізіліп жатқан реформалардың жалғасуына қолдау көрсетеді, – делінген жеделхатта.

БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қасым-Жомарт Тоқаевты Ұлттық мерекемен құттықтап, достас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси өз жеделхатында екі ел халықтарының жарқын болашағы жолындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Мысыр мен Қазақстан мол әлеуетке ие екенін жазған.

Иран президенті Ибрахим Раиси қос мемлекеттің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы белсенді ықпалдастығы екіжақты байланыстардың дамуына тың серпін бергенін атап өтті.

Сонымен қатар Куба президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес, Эфиопия Президенті Сахле-Ворк Зевде, Палестина президенті Махмуд Аббас, Кипр президенті Никос Христодулидис, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреев және басқалар өз құттықтау жеделхаттарын жолдады.

Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

EL.KZ
Бөлісу: