18.09.2025
21:15
403
Мемлекет басшысы туризм және спорт министрін қабылдады

Мемлекет басшысы туризм және спорт министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа спорт саласын кешенді реформалауға қатысты бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды.

Ербол Мырзабосынов қабылдауда балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, халықаралық ынтымақтастықты арттыру, спортқа ғылыми тәсілдерді енгізу, бюджет қаражатын оңтайландыру және заңнамалық базаны жетілдіру жөнінде есеп берген. Сонымен бірге, спорт саласында вертикальді басқару жүйесін қалыптастыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

Биыл күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Аталған заң бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, спортты дамыту үшін оның басым түрлерін айқындауға, кәсіпқой клубтарға төленетін төлемдерге лимит енгізуге бағытталған. Бұдан бөлек, шетелдік туристерді тарту және заңнамалық базаны жетілдіру шаралары туралы баяндады.

Президент тапсырмасы бойынша Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстауды дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Алматы тау кластерін дамыту жоспары дайындалып жатыр. Сондай-ақ курортты өңірлерді өркендетуге арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді. Онда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, санитарлық жағдайдың стандарттарын көтеруге және көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген.

Мемлекет басшысы министрге бірқатар міндет жүктеді. Оның ішінде вертикальді басқару жүйесін енгізуді жалғастыру, футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету қажеттігі мен туризм саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру маңызды міндет ретінде аталды.