Мемлекет басшысы Қостанай ауданының тұрғындарымен кездесті

16 Сәуір, 18:39 510

Президент Тобыл қаласында орналасқан жедел штабта су тасқынынан зардап шеккен Қостанай ауданына қарасты ауылдардың тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бей-жай қарамай жанашырлық білдірген барша жұртшылыққа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде айқын көрінетінін атап өтті.

Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы келдім. Жағдайдың күрделі екенін түсінемін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мәселені шешуге бағытталып жатыр. Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім, – деді Президент.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: