Мемлекет басшысы Парламент Сенатының отырысына қатысты

29 Желтоқсан 2022, 11:43 979

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті

Президенттің қатысуымен Парламент Сенатының отырысы өтті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отырыстың күн тәртібін жариялап, дауысқа салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы алдымызда тұрған негізгі мақсат еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру екенін атап өтіп, келесі жылы барлық саладағы реформалар жалғасын табатынын жеткізді.

– Биыл еліміз зор қатерге тап болды. Дегенмен біз қиындықтың бәрін еңсердік. Барлық салада жүйелі реформаларды қолға алдық. Үш жарым жыл бұрын басталған саяси өзгерістер биыл тың қарқынмен жалғасты. Реформаның ауқымы кеңейді. Біз үшін бұл өзгерістерді жалпыұлттық диалог арқылы жүзеге асыру өте маңызды. Осы мәселеге байланысты Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болмақ. Сондықтан келе жатқан Парламенттік сайлауға мен өзім Мемлекет басшысы ретінде айрықша мән беріп отырмын. Бұл сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттырып жатқанымызды және Конституциялық реформалар арқылы көптеген өзгеріс жасағанымызды атап өтті.

– Күшті Парламенті бар Президенттік республика жүйесіне көштік. Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды иеленуге тыйым салынды. Ал Президенттің өзі қызметін атқарған кезде ешбір партияға мүше болмауға тиіс. Бұл талап заң жүзінде бекітілді. Мемлекет басшысы саяси күштердің бәрінен тысқары тұрады. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Яғни, билікті жеке-дара иеленуге жол берілмейді. Жоғары лауазым иелері ауысып отырады. Саяси үдерістер ашық, саяси жүйе орнықты болады. Бірқатар өкілеттіктер Президенттен Парламентке, орталықтан аймақтарға берілді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламенттің рөлі және мәртебесі артты. Саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдеді. Аталған маңызды өзгерістер Конституцияға енгізілді. Елімізде жалпыұлттық референдум және Президент сайлауы өтті. Жұртшылық реформаларды қолдап, дауыс берді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы адам құқығын қорғау саласына әрдайым айрықша мән беретініне тоқталып, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айтты.

– Өлім жазасына біржола тыйым салдық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза қатайды. Сот реформасы жүзеге асырылып жатыр. Заң үстемдігі және қазылардың дербес әрі әділ болуы – басты назарда. Тағы да қайталап айтамын: әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Қоғам бізден осыны күтіп отыр. Сондықтан биыл адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасты. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдік және иммунитет берілді. Бас прокурордың құқық қорғау құзыреті күшейтілді. Конституциялық Соттың құрылуы аса маңызды қадам болды. Бұл орган жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріседі. Ол Ата заң нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді. Конституциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіне зор үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл бастама азаматтарымыздың өз құқығы мен еркіндігін қорғауына жаңа мүмкіндік береді. Конституциялық соттың мұндай моделі дамыған елдердің көпшілігінде қолданылады және Конституцияның үстемдігін орнатуға ықпал етеді.

– Азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштерімен жиі айналысатын Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Қараша айында Парламент «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заң қабылдады, ол оның жұмыс тәртібін реттейді және конституциялық іс жүргізу принциптерін анықтайды. Қазіргі уақытта Конституциялық Сот аппаратын реформалау жұмыстары аяқталып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Конституциялық Соттың кадрлық құрамын жасақтау кезінде сабақтастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына айрықша міндет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысы осы жауапты қызметке Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы ұсынды.

– Эльвира Әбілхасымқызы – тәжірибелі, білікті маман. Заң шығару жұмысын, халықаралық құқық саласын өте жақсы біледі. Ол 20 жылдан астам уақыт Әділет министрлігінде еңбек етті. Қатардағы қызметкерден министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2019 жылдан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді. Сіздерден Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымынан босатып, Конституциялық соттың төрағасы лауазымына тағайындауға келісім беруді сұраймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Эльвира Әбілхасымқызы Азимованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына Артур Ермекұлы Ластаевтың кандидатурасын ұсынды. Сенат депутаттары Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.

EL.KZ
Бөлісу: