Мемлекет басшысы Парижде бірқатар компаниялардың басшыларын қабылдады

Кеше, 23:41 159

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Électricité de France компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективасын талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына атом электр станцияларын басқаратын әлемдегі ең ірі компанияның қазіргі қызметі мен жоспары туралы мәлімет берілді.

Президент жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан азаматтарының басым бөлігі еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысына қолдау білдіргенін айтты. Француз компаниясы АЭС құрылысына арналған ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енеді. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде осы маңызды жобаны жүзеге асырудың ықтимал моделі ретінде халықаралық консорциум құру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.

Люк Ремон өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін растады. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы перспективті жобаларды жүзеге асыруға қатысты ойымен бөлісті.

EDF – электр қуатын өндірумен және таратумен айналысатын Францияның мемлекеттік компаниясы. Компания 67 атом реакторын басқарады, оның 56-сы – Францияда, 9-ы – Ұлыбританияда, 2-і Қытайда орналасқан (бұл – әлемде пайдаланылатын атом электр станцияларының жиынтық қуатының шамамен 18 пайызы). Компания Францияда тағы 14 реактор салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Orano S.A. компаниясының президенті Николя Масты қабылдады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Orano S.A. компаниясының Қазақстанмен энергетика саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы аталған серіктестік елімізде жоғары технологияны ілгерілетуге, сонымен қатар Францияны қауіпсіз әрі сенімді табиғи уранмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесуде ғылыми-техникалық, сондай-ақ сирек кездесетін металл өндіру мен өңдеу саласындағы қазақ-француз стратегиялық серіктестігін нығайту перспективалары талқыланды.

Orano S.A. – халықаралық ірі өнеркәсіп компаниясы, Франциядағы атом өнеркәсібінің көшбасшысы. Былтыр компанияның кірісі 4,8 миллиард еуроны құрады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы CMA CGM компаниясының президенті Родольф Саадты қабылдады. Президент кездесуде Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамытуға ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы Шығыс – Батыс, Оңтүстік – Солтүстік көлік бағыттарын дамытуда негізгі рөл атқаратынына тоқталды. Жүк тасымалының көлемін арттыру мақсатында әлемнің ірі компанияларымен бірге инвестиция тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы өңірлік штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан CMA CGM компаниясымен ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында өзара іс-қимыл жасау, Ақтау теңіз портының логистикалық инфрақұрылымына инвестиция тарту, сондай-ақ Каспий теңізіндегі айлақтарға арналған жүк кемелерін құрастыру мәселелеріне баса мән берілді.

CMA CGM (Compagnie Maritime d’Affrètement – Compagnie Générale Maritime) – 1978 жылы Францияда негізі қаланған жүк кемелерін құрастыратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорынның 160 елді қамтитын жаһандық желісі бар. Оның құрамында 400-ге жуық кеңсе мен 600-ден астам контейнер тасымалдайтын кеме жұмыс істейді. Былтыр компанияның сауда-саттық көлемі 47 миллиард долларды құрады.

Перизат Саденова
Бөлісу: