Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Nebras Power компаниясы мен «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының арасында Семей ГЭС-інің құрылысына қатысты келісімге қол қойылғанын құптады. Станцияның қуаттылығы 300 мегаватт болады. Президент бұл жобаның Астана мен Доханың ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігін нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. Аталған бастаманы табысты жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметінің жан-жақты қолдау көрсететінін растады.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай энергия балансындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 15 пайызға дейін арттыруға ниетті.
Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірлескен жобаны іске асырудың негізгі кезеңдері жөнінде мәлімет беріп, «жасыл» энергетика саласындағы Қазақстанның әлеуеті зор екенін айтты.