Мемлекет басшысы: Лудомания әлеуметтік індетке айнала бастады

27 Маусым, 12:15 578

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерімен кездесу барысында әлеуметтік кеселге айналған лудомания мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құмар ойынға тәуелділік шынымен де талай азаматты орға жығып, қаншама отбасының шырқын бұзды.

Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шара қабылдадым.Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін деп айтты.

Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бей-жай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді, - деді президент.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: