Мемлекет басшысы Германия Федералдық канцлерімен келіссөз жүргізді

16 Қыркүйек, 16:24 644

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді.

Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді,– деді Президент.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: