02.10.2025
11:31
361
Мемлекет басшысы форум атауын AI Bridge деп өзгертуді ұсынды

Мемлекет басшысы форум атауын AI Bridge деп өзгертуді ұсынды

Астанадағы Digital Bridge 2025 форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытудың заңнамалық қырларына тоқталды. Президент инновациялық жобаларды ұлттық компаниялар мен отандық кәсіпорындардың белсенді түрде қолдануы қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Еліміздегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек, өйткені озық технология дәуірінде түбегейлі өзгеріске дайын болу өте маңызды. Онсыз даму болмайтыны анық. Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет. Бұл бағытта біраз жұмыс істелді, әлі де істеліп жатыр, – деді Тоқаев.

Цифрлық кодекс пен заңнамалық база

Президенттің айтуынша, негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар атқарылып жатыр. Онда экономика, білім, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқаруды жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады.

Жалпы, Цифрлық Кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақтылы қабылданған заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда, – деді мемлекет басшысы.

Форум атауы өзгермек

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің болашағы – бүкіл адамзат үшін маңызды таңдау екенін атап өтіп, форум атауын өзгерту туралы ұсыныс білдірді.

Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді, – деді президент.

Мемлекет басшысы жаңа бағыттың халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халық игілігі үшін тиімді пайдалануға ықпал ететініне сенім білдірді.