Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі

28 Наурыз, 09:00 838

Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының (БАФ) пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы 23-ші форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өтіп жатыр.

Қазақстан Президенті аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Сонымен қатар жетекші елдер арасындағы сауда қатынастарының шиеленісуі – әлі де әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлердің бірі. Протекционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық. Бұл мәселені шеше алмасақ, таяу онжылдықтағы мүмкіндіктер қолымыздан сусып кетуі әбден ықтимал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы орнықты дамудың жаңа дәуіріне қадам басар тұста Азия елдері көш бастап тұрғанына назар аударды.

Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізеді деген болжам жасалып отыр. Дүниежүзілік сауданың 53 пайызы осы құрлықтың үлесіне тиесілі. Мұнда әлемнің ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалары орналасқан. Соңғы жылдары Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Сондай-ақ бұл аймақта патенттік әзірлемелердің 70 пайызына иелік ететін әлемнің жетекші технологиялық орталықтары бар. Құрлық айтарлықтай адами ресурсқа ие. Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құрлығында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 триллион доллар болмақ. Болжам бойынша оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы факторлардың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы алдағы жылдары жаһандық өсім мен дамуды ынталандыру ісін жалғастыру үшін Азия өңірінің мол әлеуеті бар екенін атап өтті.

Осы ретте Боао форумы жалпыға ортақ экономикалық прогреске қол жеткізу жолындағы Азиялық инновациялық тәсілдің іске асқанын анық көрсетеді. Сондай-ақ бұл жиын Қытайдың жаһандық дамуға деген ұстанымының айқын символы ретінде танылды, – деді Қазақстан Президенті.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: