Мемлекет басшысы АҚШ-тың Сауда өкілі Кэтрин Тайды қабылдады

14 Маусым, 19:39 1070
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кэтрин Тайдың сапары Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы отыз жылда екі ел сауда, инвестиция, қауіпсіздік, адам құқықтары және демократия секілді көптеген салада стратегиялық серіктестікті нығайтты.

Сіздің еліңіз – Қазақстан экономикасындағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 65 миллиард доллардан асады. Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 4,1 миллиард долларға жетіп, 30 пайыздық өсім көрсетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі уақытта Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Мен инвестициялық тартымдылықты жақсартуға, экономиканы ырықтандыруға және өнеркәсіпті дамытуға баса мән беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

АҚШ-тың Сауда өкілі Кэтрин Тай құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ сауда байланыстарын дамытуға және экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін қажетті жағдай жасауға, соның ішінде Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісімді жүзеге асыруға қатысты жаңа тәсілдерді бетпе-бет талқылауға мүмкіндік бергеніне ризашылығын білдірді.

Зарина Арман
Бөлісу: