Мемлекет басшысы әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құруға шақырды

2 Қыркүйек, 13:15 435

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті шаруамен қатар стратегиялық маңызы бар көптеген мәселені шешу жағын да тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті, - деді ол.

Мемлекет Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға шақырды.

Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет. Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз. Демек Отанымызға да, отбасымызға да пайдамыз тиеді деген сөз, - деді президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы барша қазақстандықты әділетті мемлекетті бірге құруға шақырды.

Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз – айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет.

Біз – берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады.

Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. Мен мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын. Сіздер де ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін, - деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: