Қазақстан мектептерінде оқушылардың сынып тазалығына кезекшілікпен қатысу тәжірибесін қайта енгізу қажет. Мұндай пікірді Геннадий Шиповских El.kids YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Сенатордың айтуынша, бұрын мектептерде кезекшілік жүйесі қалыпты тәжірибе болған. Бір сыныпта 26-27 бала оқып, әрқайсысы өзіне тиесілі міндетті атқарған.
Біздің кезімізде бір сыныпта жиырма алты, жиырма жеті баладай болатын. Балалар тақтаны сүртетін, су әкелетін, ал қыз балалар еден жуатын. Сонымен қатар парталар мен орындықтарды реттеп кететінбіз. Біз солай кезекшілік еттік, – дейді ол.
Оқи отырыңыз:
Геннадий Шиповских бұл тәжірибе балаларды еңбекке баулып қана қоймай, жауапкершілік пен тәртіпке үйреткенін атап өтті. Оның айтуынша, сол жылдары сыныпты тазалаудан ешкімнің денсаулығына зиян келмеген.
Біз тоқсаныншы жылдары мектепті бітіргенше еден де жудық, сыныпты да тазаладық. Бірақ одан ешқайсымыздың қолымыз да, аяғымыз да сынған жоқ, – деді сенатор.
Ол мұндай тәртіпті қайта енгізуге қарсы пікір айтатындар бар екенін де жасырмады. Алайда депутат дамыған елдердің тәжірибесін алға тартты.
Әлемдегі ең дамыған елдердің бірі Жапонияда бұл жүйе әлі күнге дейін бар. Балалар өз сыныптарын өздері таза ұстайды. Жапондар ақымақ емес, керісінше, тәртібімен, еңбексүйгіштігімен алда, – деді ол.
Сенатордың сөзінше, мектепте еңбекке баулу мәдениеті баланың өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Сонымен қатар ол қазіргі балалардың гаджеттерге тәуелді болып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Қазір жасанды интеллект, түрлі бағдарламалар көбейіп кетті. Балалар соларға жақындаған сайын өздігінен ойлау қабілеті төмендеп барады, – дейді Геннадий Шиповских.
Осыған байланысты ол мектеп қабырғасында телефон мен гаджеттерді барынша шектеу қажет екенін айтты. Депутаттың пікірінше, мұндай қадамдар ұстаз мәртебесін арттырып, білім беру процесінің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Балаларды еңбекке баулу, гаджеттерді шектеу және ұстаздың мәртебесін көтеру – білім жүйесінде қатар жүруі тиіс үш маңызды бағыт, – деп түйіндеді сенатор.