11.08.2022
04:35
2043
Мектепке жол. Ақмола өңірінде 16 мыңға жуық оқушы көмекке мұқтаж

Мектепке жол. Ақмола өңірінде 16 мыңға жуық оқушы көмекке мұқтаж

Ақмола облысында 15 877 бала материалдық қолдауды қажет етеді, оның ішінде 1261 - бірінші сынып оқушысы, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2022 жылдың 1 тамызынан бастап өңірде «Мектепке жол» республикалық акциясы өтіп жатыр.

Биыл Ақмола облысында 15 877 бала материалдық қолдауды қажет етеді, оның ішінде бірінші сыныпқа баратын 1 261 оқушы бар. Акция басталғаннан бері облыс бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді. Облыстың аудандары мен қалаларында 225 рейд ұйымдастырылды, оған қоғам, мемлекеттік құрылым өкілдерінен 186 адам қатысты. Сондай-ақ, 137 қолайсыз отбасы, 29 ойын-сауық мекемесі, 4 компьютерлік клуб, 11 үйдің жертөлесі, 3 саяжай шаруашылығы,13 базар тексерілді. Жүргізілген рейд қорытындысы бойынша 19 кәмелетке толмаған бала анықталып, олардың ата-анасымен әңгіме жүргізілді, жұмысқа орналастыру, жәрдемақыны рәсімдеу бойынша кеңес берілді, - дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің бас маманы Бақытжан Тұтқабаева.

Басқарманың баспасөз қызметінен атап өткендей, облыс бойынша 6 726 бала материалдық көмек алды.

«Мектепке жол» акциясы облыстың бүкіл аудан-қалаларында жалғасып жатыр.