Мектеп жасындағы 700 мыңнан астам бала өмірінде бір рет болсын бәс тіккен - депутат

20 Қазан 2023, 19:07 879

Елімізде 8,4 миллион азаматқа 18,1 триллион теңге несие берілген. Бұл туралы «Respublica» партиясының депутаттары мәлімдеді, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде 8,4 миллион азаматқа 18,1 триллион теңге несие берілген. Осы азаматтардың арасында 90 күннен артық 2 триллион теңгеге міндетін орындамаған адам саны 1,8 миллионды құраған. Бұл жағдай тек банк, қаржы ұйымдарына тиімді. Екінші деңгейдегі банктер несиені 20-58%-ға дейін берсе, микроқаржы ұйымдары жылына 1000%-ға дейін несие беріп бір пайда тапса, 2023 жылы 12,7 триллион теңгеге транзакция жасап, әр аударымға 1-3%-ға дейін комиссия алған, – деді депутат Руслан Берденов.

Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, сайлаушылармен кездесу кезінде ең көп көтерілетін мәселе – несие және құмар ойындары. Агрессивті букмекер жарнамасы, жылдам қолжетімді несие экономикалық белсенді азаматтар санының күрт төмендеуіне, қаржылық қиындықтарға, жұмыссыздар санының өсуіне апарып соқтырары сөзсіз. Тіпті ажырасудың жиілеп кетуіне де осындай құмар ойындар себеп.

Тұтынушы несие нарығының кері көрсеткішінің басым бөлігін лудомандар құрайды. Олар бәс тігу үшін бәріне дайын. Несие алу, құқықбұзушылық, алаяқтық, тіпті ауыр қылмыс жасап жатыр. Еліміздегі 157 000 құқық бұзушылықтың 20%-ы немесе 31 000-ы құмар ойындары кесірінен жасалған, ал ажырасудың 38%-ның себебі құмар ойындары. Ырысы төгілген жанұяның ауыртпашылығына кім жауап бермек, – деді Берденов.

Өкінішке қарай, құмарлықтың соңы отбасына қасірет әкеліп, арты қайғылы оқиғаларға соқтырып жатыр. Сорақысы, қазір балалар арасында да бәс тігу көбейген.

Мектеп жасындағы 3,5 миллион баланың 700 мыңнан астамы бір рет болсын бәс тіккен. Бұл Қазақстандағы 1 миллионнан астам құмар ойыншы санының одан да ары өсетінін көрсетеді. Алаңдататыны 2017 жылдан бастап букмекерлік бизнес айналымы 15,5 миллиард теңгеден 2022 жылы 553,6 миллиард теңгеге дейін 35 есе өскен. Бірақ салық төлемінің мөлшері өзгермей, сол 2017 жылғы деңгейде тұрып қалған. Жауапты министрлік құмар ойындардың онлайн жүйесін жапсақ, бюджетке түсетін салық азайып қалады деген негіздеме айтады. Ал негізгі мақсат салық болса, неге 2017 жылдан бері салық мөлшерін көтеру мәселесі айтылмаған? – дейді мәжілісмен.

Сөз соңында мемлекеттің басты қазынасы адам екенін еске салған Берденов бірқатар ұсынысын жеткізді.

Берік Арманов
Бөлісу: