27.05.2024
13:14
1520
Мектеп оқушылары алғаш рет қазақ тілінен арнайы емтихан тапсырады

Мектеп оқушылары алғаш рет қазақ тілінен арнайы емтихан тапсырады

Бүгін еліміздің мектептерінде аралық және қорытынды емтихандар тапсыру кезеңі басталды. Емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, биыл бірінші рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8, 10 сынып оқушылары 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихан тапсырады.  Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, оған қоса мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберліктерін көрсетеді.

29 мамыр мен 10 маусым аралағында 9 сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар өтеді, ал 11 сыныпты бітірушілер 28 мамыр - 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.

Ақтөбе облысынан 9 мектеп, Атырау облысынан 20 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысынан 5 мектеп оқушылары бұл өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты аралық және қорытынды аттестациялаудан босатылды, - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9 сыныпты бітірушілер, сонымен қатар биыл 11 сыныпты бітіруші 186 мың оқушы өтеді.