21.02.2026
16:25
2035
Мектеп директорларын тағайындау ережесі өзгере ме

Мектеп директорларын тағайындау ережесі өзгере ме

Бұған дейін елімізде мектеп директорларын тағайындау тетігіне өзгеріс енгізу ұсынылғаны белгілі. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру ұйымдарын басқаруда нақты мерзім мен нәтижеге негізделген талап қажет екенін айтқан болатын.

Сала жетекшісі директорларды бастапқыда екі оқу жылына тағайындау механизмін ұсынып, осы кезеңде мектептің білім сапасы жақсарып, оқушылардың үлгерімі артса, қауіпсіздік талаптары сақталып, педагогтердің кәсіби деңгейі көтерілсе, басшының өкілеттігі тағы екі жылға ұзартылуы мүмкін екенін айтқан.

Осылайша бір директордың бір мектептегі қызмет мерзімі төрт оқу жылынан аспауға тиіс екені нақтыланып отыр. Қазіргі қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мектеп директорлары конкурс негізінде тағайындалады. Үміткерлер біліктілік талаптарына сай болуы, педагогикалық тәжірибесі мен басқарушылық қабілетін дәлелдеуі қажет. Конкурстық комиссия кандидаттардың құжаттарын қарап, тестілеу және әңгімелесу кезеңдері арқылы іріктеу жүргізеді. Тағайындау туралы шешімді білім бөлімдері немесе жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.

Министр соңғы уақытта мұғалімдер тарапынан кейбір директорлардың басқару әдебіне және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануына қатысты шағымдар жиілегенін мысалға келтірген болатын. Сондықтан жаңа тетік басшылардың жауапкершілігін күшейтіп, нақты нәтижеге жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. 

Мектеп директоры - тек әкімшілік басшы емес, оқу процесін ұйымдастырушы әрі педагогикалық ұжымның көшбасшысы. Оның кәсібилігі білім сапасына, ұжым ішіндегі ахуалға және ата-аналармен өзара байланысқа тікелей әсер етеді. Ұсынылып отырған мерзімдік тағайындау жүйесі осы жауапкершілікті нақты индикаторлар арқылы бағалауға мүмкіндік бермек.

Бастаманы жуық арада ресми бұйрықпен бекіту көзделіп отыр. Егер өзгеріс күшіне енсе, мектептерді басқару жүйесінде нәтижеге бағытталған жаңа кезең басталуы ықтимал.