18.03.2026
13:20
1471

Мектеп асханасында жаңа жүйе: оқушылар енді алақанмен төлейді

Мектеп оқушылары енді асханада тамақ алу үшін банк картасын да, телефонды да қолданбайды. Қазақстанда енгізіліп жатқан жаңа жүйе арқылы олар  алақанын терминалға жақындату арқылы төлем жасай алады.

Елімізде цифрлық технологиялар қарқынды дамып келеді. Соның айқын дәлелінің бірі – Kaspi.kz командасы әзірлеген Kaspi Alaqan инновациялық төлем қызметі. Енді сатып алу үшін банк картасы немесе телефон қажет емес – терминалға алақаныңызды жақындатсаңыз жеткілікті.

Жоба былтыр алғаш рет Алматы қаласында іске қосылған, биылдан бастап еліміздің басқа өңірлеріне кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл бастама қаржы саласындағы заманауи трендтердің Қазақстанда да белсенді дамып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, Kaspi Alaqan қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараттық қауіпсіздік талабына толық сәйкес келетіні расталды. Сонымен бірге Сауда және интеграция министрлігі аккредиттеген зертханада жүйенің желілік инфрақұрылымы, деректердің құпиялылығы, тұтастығы мен қолжетімділігі жан-жақты тексеруден өтті.

ЖИ

Мамандардың айтуынша, алақан арқылы төлем жасау – бүгінгі таңда ең қауіпсіз сәйкестендіру әдісінің бірі. Өйткені әр адамның алақанының құрылымы қайталанбас, ал жүйе оны арнайы шифрланған цифрлық код арқылы таниды. Бұл жалған деректерді қолдану мүмкіндігін барынша төмендетеді.

Цифрлық шешімдер білім беру саласына да енгізіліп жатыр. Мәселен Банк ЦентрКредит Junior ID жүйесін іске қосып, оқушыларға асханада алақан арқылы төлем жасау мүмкіндігін ұсынған болатын. Бұл жүйені алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы жекеменшік бастауыш мектебі де қолданысқа енгізген.

Жаңа жүйенің басты артықшылығы – қауіпсіздік пен ыңғайлылық. Жекеменшік мектептерде телефон ұстауға шектеу қойылатыны белгілі, ал банк картасын жоғалтып алу немесе ұрлату қаупі бар. Ал алақан әрдайым баланың өзімен бірге.

Junior ID жүйесі оқушының биометриялық деректерін анықтап, төлемді оның арнайы картасынан автоматты түрде шегереді. Бұл ата-аналар үшін де тиімді. Олар баласының шығындарын бақылап, шотын онлайн толықтыра алады.

Банк картасына қарағанда қауіпсіздеу

Бұл мәселеге қатысты IT сарапшысы Ахмет Байменшин алақан арқылы төлем жасау технологиясының қауіпсіздігі жоғары екенін атап өтті.

Оның айтуынша, биометриялық төлем жүйелері дәстүрлі банк карталарына қарағанда анағұрлым сенімді.

Алақанмен төлеу – картаға қарағанда қауіпсіздеу. Себебі биометриялық деректерді қолдан жасау немесе көшіріп алу қазіргі технология деңгейінде мүмкін емес деуге болады, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ бұл жүйеде оқушылардың қатысуы ата-ананың келісімімен жүзеге асатынын ерекше атап өтті.

Егер бала осы жүйе арқылы төлем жасап жүрсе, демек ата-анасы рұқсат берген. Ата-ана қарсы болмаса, онда алаңдауға негіз жоқ, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, алақанмен төлеу – заманауи технологиялық прогрестің бір көрінісі. Сондықтан одан бас тарту емес, керісінше тәжірибе жүзінде қолданып, жетілдіру маңызды.

Қалай болғанда да, бұл – прогресс. Біз ондай технологиялардан қашпай, керісінше қолданып көруіміз керек. Егер қандай да бір кемшіліктері анықталса, уақыт өте келе түзетіледі. Қазірдің өзінде Face ID сияқты биометриялық жүйелерді Apple, Samsung құрылғыларында кеңінен пайдаланып жүрміз. Яғни қоғам мұндай технологияларға біртіндеп үйреніп келеді, – дейді Ахмет Байменшин.

Ол сондай-ақ деректер қауіпсіздігіне қатысты сұраққа да тоқталды.

Әдетте банктік жүйелердегі қауіпсіздік стандарттары өте жоғары болады. Алақан биометриясына қатысты деректер арнайы серверлерде, яғни банктердің жеке дата-орталықтарында сақталады, – деп түсіндірді сарапшы.

«Бұл технология дұрыс басқарылса ғана қауіпсіз»

«Kid Security» PR-директоры Абылай Исиннің айтуынша, алақанмен төлеу – биометриялық төлемнің заманауи әрі ыңғайлы түрі. Оның сөзінше, бұл жүйе әсіресе мектеп оқушылары үшін тиімді: балаға банк картасын алып жүрудің немесе ақшаны жоғалтып алудың қажеті жоқ, төлем жылдам әрі оңай жасалады.

Сонымен қатар сарапшы қауіпсіздік мәселесінің де маңызды екенін атап өтті.

Мұндай жүйелерде адамның нақты алақанының суреті сақталмайды. Оның орнына арнайы алгоритм арқылы шифрланған цифрлық үлгі жасалады және ол қорғалған серверлерде сақталады, – деді ол.

Абылай Исин ірі жүйелерде қауіпсіздік бірнеше деңгейден тұратынын жеткізді. Атап айтқанда, деректерді шифрлау, серверлік қорғау және қосымша тексеру механизмдері қолданылады. Дегенмен, сарапшы тәуекелдердің толық жоқ емес екенін де жасырмады.

Негізгі қауіптер – деректер базасының бұзылуы немесе ағып кетуі, жүйенің қате тануы, сондай-ақ балалардың деректерін қорғау мәселесі, – деді.

Осыған байланысты, оның пікірінше, мектептерде мұндай технологияны енгізу кезінде ата-аналардың келісімі, деректерді сақтау талаптарының сақталуы және жүйенің сертификатталуы ерекше маңызды.

Жалпы алғанда, алақанмен төлеу – болашағы бар технология. Бірақ оны толық қауіпсіз деп емес, дұрыс басқарылған жағдайда қауіпсіз деп бағалаған жөн, – деп түйіндеді сарапшы.

Алақанмен төлем жасау технологиясы әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде АҚШ, Қытай және Жапонияда кеңінен дамып келеді. Мысалы, Жапонияда бұл жүйе алғаш рет 2015 жылы енгізілген. Бүгінде адамдар Face ID секілді биометриялық жүйелерді күнделікті өмірде белсенді қолданады. Сондықтан алақан арқылы төлем жасау да уақыт өте келе қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін.

Kaspi Alaqan – қаржы технологиясындағы жаңа кезеңнің бастауы. Ол төлем жасауды жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де арттырады. Әсіресе мектептерде енгізілуі – балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта бұл жүйе Қазақстан мектептері мен қоғамдық орындарында кеңінен таралып, жаңа стандартқа айналуы әбден мүмкін.