Мексика шығанағындағы бір күн

19 Қазан 2017, 12:45 9711

Табиғатпен тілдесу

Күн көкжиектен еріне көтеріліп, тулап жатқан шексіз теңіздің асау толқындарын сабырға шақырғандай әрқайсысын аймалап, кері шағылысып, жылт-жылт етіп, еркелей ойнай бастағанда мен Мексика шығанағының жағасында тұр едім. Сілейіп тұрған жалғыз мен, жағалаудың кәнігі тұрғындары болса, әдеттегі тірлігініе кірісіп кетті. Кереқұлаш қанаттарын көсіле жайып, бір топ бірқазан асықпай қалықтап бара жатыр. Шаңқ-шаңқ еткен шағала болса, бір жерге кешікті ғой деймін, қанатын өршелене сермеуде. Жағада жұдырықтай-жұдырықтай бір құстар тыз-тыз етіп, жүгіріп жүр – шамасы осылар ұша алмайтын да сияқты. Бұлардыкі не қарбалас десем, толқын шайып әкелген моллюсктерді жинап үлгеру алу керек екен ғой. Бәсе, жер астындағы індерінен атып шыққан түссіз шаяндар да екі толқынның арасын ала зыр-зыр қағады. Ең үлкен дегені шырпы қорабындай болып алып, бұлар да жыртқыш. Дегенмен қозғаламай тұрған тек мен емес екен, толқыннан қалып қойған медуза келесісін күтіп жатыр. Қой, менікі не тұрыс? Таң атпай тұрған мақсатымды (теңіз жағасымен жүгіру) орындайын және сіздерге Мексика шығанағына қалай тап болғанымды айтып берейін. Мен жүгіріп келгенше сурет қарай тұрыңыз.

Падре Айленд (Padre Island) аралы Теxас штатына қарайды. Мексика шығанағымен шектесіп жатқан АҚШ-тың жері. Географиясы қызық – материкті жағалай созылып жатқан ұзын арал. Құрлықпен ұзын, әрі биік көпірмен байланысқан.

Ұзындығы 182, ені 3 шақырым. Аралда ел бар, адамдар қоныстанған. Бірақ орта тұсы мемлекеттік қорық мәртебесіне ие. Жол бойында арнайы бекет қойылған, өту үшін ақша төлейсіз. Қымбат емес, жеті күнге 10 доллар. Есесіне бұл қаржы табиғатты қорғауға жұмсалады. Табиғатты қорғауға деп бекер айтып отырғаным жоқ. Өйткені қорықтың территориясына адамдар әдетте демалуға келсе де қонақ үй, кафе-ресторан, дүкен сияқты өркениет белгілері жоқ. Тіпті жағада ұялы байланыс та жұмыс істемейді. Дегенмен дым жағдай жасалмаған деуге де болмас. Жол, душ пен дәретхана және машинаңды қаңтарып, шатырыңды тігетін арнайы орын бар.

Тынығу деңгейін сезіп тұрсыз ба? Отты өзің жағып, тамақты өзің істейсің. Жатын орныңды да өзің дайындауың керек. Ең бастысы – телефон, интернет жоқ. Табиғатқа мейілінше жақындайсың. Жұмсақ құм, жылы теңіз, шексіз көгілдір аспан және сен. Дала демекші, Теxас даласының біздікінен көп айырмасы жоқ.

Біз Падре Айлендке күндізгі он бірлер шамасында жеттік. Қорық территориясына кіре берісте отырған рейнджер суға түссек те алысқа жүзбеуімізді сұрады. Толқын әдеттегіден биік екен. Шайып әкетер болса, жағада құтқаратын ешкім жоқ. Жауапкершілік тек өзіңде. Толқын шынымен қуатты болып шықты, жағаны бір ұрып, кері қайтқандағы екпіні салмағы сексен келі менің өзімді теңселтіп жібереді. Дегенмен, келіп тұрып қалай түспейсің, тым алысқа жүзбесем де толқынмен жағаласып, әрі-бері аунап алдым. Мексика шығанағына шомылу – done.

Суға түсіп, алғашқы қызығың басылған соң қарның ашқанын сезесің. Ең жақын дүкен мен мейрамханалар шамамен жиырма шақырым жерде. Табиғат құшағында демалуға келіп тұрып, әрі-бері шабылып жүрмейсің ғой, сондықтан ерте қамданып бір күнге жететін тамағымызды арқалай келген едік. Міне, Теxасша стейк жасап, жақсылап тойып алатын сәт те келді.

Дегенмен теңіздің құдыреті бәрібір өзіне тартып тұрады. Тыныш отыру мүмкін емес. Тамақ ішіп алған соң қайтадан жағаға барасың. Күн жанып тұрғанмен ылғал құмның ыстығы білінбейді. Бірін бірі қуалай жортып жүрген толқын топырақты ерсілі-қарсылы шайып, тыным берер емес. Бұл көрініске қарап, сағаттап отыра беруге болады.

Жағаны шарлап жүріп кеш батқанын да байқамай қалыппын. Күннің соңғы шапағы көкжиектен асып кеткенде аспандағы мың сан жұлдыз жымыңдай жөнелді. Бір сәтке бала күнім өткен Ырғызыма қайта оралғандай болдым. Қала тұрғындарына мұндай сұлулықты күнде көру бақыты бұйырмаған ғой, ал ауылда, жасанды жарық жоқ жерде... бұл енді көрген адам ғана түсінетін нәрсе. Аздан соң ай да жүзін көрсетті. Сапарымның ай толған күндерге тап келгені қандай жақсы болды десеңізші. Ал ол арқан бойы көтерілген кездегі көріністі сөзбен жеткізуге менің шеберлігім жетпеді.

 

Айдың жұп-жұмсақ, мамық сәулесі, бала күннен таныс Жеті қарақшы мен Темірқазық және сондай таңсық, бірақ құлаққа майдай жағып бара жатқан теңіз гүрілі көпке дейін ұйқы бермеді. Шатырдың түндігін сыпырып тастап, жымыңдаған жұлдызға қарап жатып әйтеуір бір кезде ұйықтап кетіппін.

Оянған сәтте таң бозарып келе жатыр екен. Бір замандарда дәл осы жерде әлдебір үндіс те дәл осылай оянған шығар деген ой келді. Ол да судың шуын естіді, салқындау, бірақ бәрібір тоңдырмайтын самалды сезінді, тұрды да жағаға беттеді.

Күн көкжиектен еріне көтеріліп, тулап жатқан шексіз теңіздің асау толқындарын сабырға шақырғандай әрқайсысын аймалап, кері шағылысып, жылт-жылт етіп, еркелей ойнай бастағанда мен Мексика шығанағының жағасында тұр едім...

Маралбек Сағынғанов
Бөлісу: