Мейкатон – жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын алаң

20 Қыркүйек 2019, 15:05 6127

Жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге жол ашты

Елімізде соңғы бірнеше жылдан бері «Мейкатон ТОМ» әлеуметтік жобасы мүгедек жандарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын алаңға айналды. Яғни мұнда қазақстандық өнертапқыштар қиындық пен кедергіге ұшыраған жандардың өмірін жақсартуға арналған прототиптерді жасап,  қоғамдық сананы өзгертіп келеді. Осындай жауапты іспен айналысып, жақсы нәтижелер көрсетуге ең бірінші кезекте Қазақстандағы Тель-Авив университетінің Достар қауымдастығы мұрындық болып отыр.

Тағдырдың тезіне ұшыраған мүмкіндігі шектеулі жандар бізбен бірге бір қоғамда ғұмыр кешіп келеді. Бірақ біз оларды сирек кездестіреміз. Өйткені олар өзгенің көмегінсіз аяқ киімінің бауын байлап, күнделікті тамағын ішпек түгілі, көшеге де шыға алмайды. Олардың басқалар сияқты ғұмыр кешіп, қызмет етуі қаншалықты қиын екені айтпаса да белгілі. Сол себепті осындай жандардың әлемін қызықты етуді мақсат еткен өнертапқыштар  мейкатон мүмкіндіктер алаңында бас қосып, олардың күнделікті қимыл қозғалыстары мен жүріп тұруын жеңілдетуге арналған түрлі прототиптер жасауға атсалысып келеді.

– Мейкатон TOM (TikkunOlamMakers) бұл күнделікті қолдануға тиімді гаджеттерді құрастыру үшін мүмкіндігі шектеулі жандар мен өнертапқыштарды біріктіретін халықаралық әлеуметтік жоба. Мұндай сайыстар 2014 жылдан бастап Израиль, АҚШ, Аргентина, Ұлыбритания, Бразилия, Канада, Австралия, Вьетнам және тағы басқа елдерде ұйымдастырылып келеді. Ал ТМД елдерінің аумағында, әсіресе  Қазақстанда 2017 жылдан бері қолға алынған, - дейді жобаның үйлестірушісі Евгения Мнайдарова.

Сайыстың ережесі бойынша, мейкатонға  өтінішті ынта білдіріп, өз тәжірибесін пайдалы іске арнағысы келген үш-бес адамнан құралған команда не жеке кандидаттар бере алады. Оларды сұхбаттар жүргізіп және білімі мен тәжірибесін ескере отырып іріктейді. Ал  осылардан мүдірмей өткендер нағыз тартысты алаңға жолдама алады. Бірақ та олардың жастары мен мамандықтарына ешқандай шектеу қойылмаған. Ал сайыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде командалар нид-ноуэрлермен яғни мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, идеялармен бөлісіп, прототипті жасаудың тиімді тәсілін ақылдасады. Сонымен қоса, нид-ноуэрлер күнделікті өмірде қандай кедергілерге ұшырайтынын баяндайды. Соларды негізге ала отырып, мейкерлер мәселені шешуге арналған ұсыныстар әзірлеуге кіріседі. Ал мейкерлер тобы өнертапқыштар, студенттер, ІТ-мамандар, медицина қызметкерлері мен инженерлерден және тағы басқа  маман өкілдерінен құралады. Мейкатонның екінші кезеңінде олар сол прототиптің бағасы қолжетімді болуын ескеріп, 72 сағатта жасап бітіруі керек. Сөйтіп, мейкерлер нид-ноуэрмен бірлесіп, прототипті жобалайды. Ал мейкерлерге прототип жасауға қажетті құрал-жабдықтарды ұйымдастырушылар береді екен. Бір айта кетерлігі, жұмыс барысында мүмкіндігі шектеулі жандар мейкерлерге өздерінің ақыл-кеңестерін  айтады. Оған қоса өздері үшін жасалатын құрылғының кем-кетігін түзеп, жетілдіретін тұстары бойынша көмек те беріп отырады.

- Мүмкіндіктер сыйлайтын мейкатон нид-ноуэрлер (мүмкіндігі шектеулі жандар) мен мейкерлерді (өнертапқыштар, инженерлер, дәрігерлер) байланыстыратын 72 сағаттық марафон. Яғни, талап бойынша үш күнге созылатын интеллектуалды жоба барысында қатысушы командалар кемтар жандардың күнделікті өмірін жеңілдетуге арналған аппараттар құрастырады, - дейді жоба үйлестірушісі.

Сөйтіп, сапалы әрі бағасы кез келген жанның қалтасы көтеретін құрылғы  үздік деп танылып, инвесторлардың назарына ұсынылады. Кейін көп данамен шығарылады екен. Ал күні-түні сайысқа түскен мейкерлер командасы сәтті стартап-жобасы бар әлеуметтік кәсіпкерлерге айналады.

– Бұл әлеуметтік жобаның мақсаты сайыс кезінде құрастырылған прототиптер келешекте жаппай өндіру үшін қолданылатын құралға айналу қажет. Ал өзге сайыстардан ерекшелігі – бұған мүмкіндігі шектеулі жандар, реабилитология мен психолог мамандар және құрылғыларды нарыққа шығара алатын әлеуметтік кәсіпкерлер тартылған. Ал марафон аяқталған соң, дайын прототиптер мүмкіндігі шектеулі жандарға сыйға беріледі, - дейді жоба үйлестірушісі.

Мұндай сайыстар осы уақытқа дейін Павлодар, Қарағанды, Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларында және елордамызда өткізілген. Әр мейкатон марафоны  жаңа қатысушы-өнертапқыштармен және оларға берілген тапсырмаларымен ерекше өтеді. Мәселен, былтыр өткен мейкатондарда мейкерлер  сурдо-ақпаратты дауыстап жеткізетін «Ақылды қолғап», мүгедектердің аяққа тұрып кетуіне арналған экзоқаңқа, нашар еститіндерге тұрмыстық жағдайларды бағдарлау үшін білезік және тағы басқалай пайдалы құрылғылар ұсынған. Тіпті, қос жанарынан айырылған зағип жандарға арнайы таяқ та ойлап тауып, құрастырылыпты. Бұл құрылғы оларға көшеде ой-шұңқыр немесе жолдағы түрлі кедергілерді жарты метр қалғанда  дыбыстық белгі беріп, ескертеді екен.  

Ал Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеттің студент-инженерлері сал ауруына шалдыққандарға  көшеде жүріп-тұруына арналған 3 аяқты велосипедті құрастырып шыққан. Бұл құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартып, бойына сенімділік ұялата алады дейді ұйымдастырушылар. Жалпы мұндай аппараттардың прототиптері арбаға таңылған жандар мен түрлі апаттардан соң емдік шара қабылдағандарға таптырмас құрал. Өйткені, олардың көмегімен денені тіке тұрғызу түгілі ванна қабылдауға да болады.  

Бұл жобаның былтырғы жеңімпазы әрі мейкер Қорған Конкулов соңғы 12 жылдан бері елордадағы балаларды оңалтудың ұлттық орталығында қызмет етіп келе жатыр. Өнертапқыштың айтуынша, оның бұл әлеуметтік марафонға қатысуына мүмкіндігі шектеулі жандармен  жұмыс істейтіндігі себеп болыпты. Яғни осындай сайыстар арқылы олардың өмірін жеңілдетуге  өзінің кішігірім үлесін қосуды мақсат еткен.

Фотода: "Step Life" командасы

– Біздің команда «Step Life» деп аталды. Оны қазақшаға аударғанда «өмірге қадам» деген мағынаны білдіреді. Ал тобымыз дәрігер, психолог, инженер сынды түрлі мамандық өкілдерінен жасақталды. Марафон барысында пассивті велотренажер құрастырдық. Оның көмегімен арбаға таңылған жандар аяқтарын осы құрылғыға қойып, жан бітіріп, түрлі қимылдарды жасай алады, - дейді жобаға қатысушы Қорған Конкулов.

Сонымен қоса, сайыс барысында бұл команда көпфункциялы вертикализатор да құрастырған. Бұл арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар  оңалту мен гигиеналық шараларды өзгенің көмегінсіз жасауға қауқарлы екен. Ең бастысы, құрылғы өз бетімен қозғалуға шамасы келмейтіндерді діттегін жеріне де жеткізеді.

– Үш күндік мейкатон өте қызықты әрі тартысты өтті. Командалар мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жақсы әрі пайдалы дүние жасап шығаруға тырысты, - дейді «Step Life»   командасының капитаны Қорған Конкулов.

Фотода: Пассивті велотренажер

Бес команданың ішінен әділқазылар мүшесі  құрылғысын үздік деп тапқан «Step Life»  командасы  Назарбаев университеті инновациялық кластерінің Fab Lab зертханасына жылдық абонемент ұтып алыпты. Марафон кезінде құрастырылған протиптерді жасап шығуға қыруар қаржы кететіндіктен, стартаптары әзірше жүзеге аспай тұр. Миллиондаған жандарға мүмкіндік сыйлайтын «осындай жобамен келешекте де айналысу жоспарда бар. Бірақ та мұның бәрі уақыт пен ақшаға тіреледі», - дейді Қорған Конкулов.

Ал биыл ауқымды жобаны өткізу үшін Назарбаев университеті инновациялық класстерінің «Fab Lab» цифрлық прототиптеу залы үш күнге зертханаға айналып, мұнда мейкерлер өз идеяларын жүзеге асырады. Өйткені мұның іші  түрлі технологиялық зерттемелер жүргізуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Оған қоса, мұнда қатысушыларға 3D модельдеуге де жағдай жасалыпты.

Биыл елордада өтетін мейкатон «ТОМ: NUR-SULTAN» марафонын Қазақстандағы Тель-Авив университетінің Достар қауымдастығынан бөлек, қала әкімдігі, «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығы, Назарбаев университетінің инновациялық кластері ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай марафонға қатысуға, әсіресе мектеп оқушыларымен студенттер қызығушылық білдіреді. Желтоқсан айында ақтық финалда жыл басынан бері  Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында ұйымдастырылған сайыстардағы дайын прототиптер бойынша презентациялар өткізіп, үздік танылған құрылғыларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қоса, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті прототиптерді нарыққа шығару да қолға алынбақ.

Жалпы, қазақстандық мейкерлердің қолынан шыққан құрылғының бағасы баршаға қолжетімді болып, нарыққа шықса, қолының қысқалығынан қалаған құрылғысын сатып ала алмай жүрген көптеген мүмкіндігі шектеулі жандардың бір мәселесі шешілуіне септігі тимек. Осылайша  тағдыры күрделі жандардың толыққанды өмір сүруіне өз үлесін қосатынына сенімдіміз. Өйткені олар  да ешкімге масыл болмай өмір сүргісі келетіні рас...

(Суреттер фейсбук желісінен алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: