Медицина саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу – әлемдік денсаулық сақтаудың басты трендтерінің бірі. Еліміз де бұл үрдістен қалыс қалып отырған жоқ. Бүгінде жасанды интеллект диагностиканы жеделдету, науқастарды бақылау және медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында қолданылып келеді. Дегенмен, адам өміріне тікелей әсер ететін аса маңызды салада жаңа технологияларға толық сенім арту мәселесі әлі де терең талқылауды қажет етеді дейді мамандар.
Жақында жасанды интеллектті дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды.
Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Бізде де перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан еліміздегі медициналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллекттің медицина саласына енгізілуін тежейді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз жоқ, әлемнің өркениет көшіне ілескен елдері небір милы машиналарды сынақтан өткізіп, қоғамның түрлі саласында белсенді қолданып-ақ жатыр. Тіпті дүние жүзінде жасанды интеллект жарысы жүріп жатқандай. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 триллион долларға жетуі ықтимал. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады. Әрине, бұл үдерістен Қазақстан да шет қалмайтыны анық. Қазірдің өзінде еліміз жасанды интеллект саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.
Денсаулық сақтау саласына ғаламат серпін берді
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабековтің айтуынша, жасанды интеллекттің қазіргі медицина саласына қосып отырған үлесі аз емес. Заманауи технологиялардың қарыштап дамуының арқасында медицина саласы ғаламат жетістіктерге қол жеткізіп, қаншама адамның өмірін сақтап қалды.
Бүгінде елімізде жасанды интеллектті медицинада қолдану белсенді түрде қолға алына бастады. Денсаулық сақтау министрлігі «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып, ЖИ-ді алдымен онкология саласында сынап көрмекші. Мұндай жоба Америка, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізіліп жатыр. Бұл жүйенің тиімділігі – науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу, келіспеу – дәрігердің еркінде, - дейді Сағындық Ордабеков.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір елімізде жасанды интеллектке негізделген бірқатар жобалар сынақтан өтуде. Соның бірі – Ақмола облысының бірнеше медициналық мекемелеріне енгізілген «ЖИ-терапевт» сервисі. Бұл жүйе дәрігер мен пациент арасындағы әңгіме барысын бір мезетте сараптап, алдын ала диагнозды шамамен 80 пайыз дәлдікпен ұсынады. Сонымен қатар, дәрігердің әдеттегі құжат толтыруға кететін уақытын 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Тағы бір жаңашылдық – қашықтан денсаулықты бақылауға арналған мобильді телемедициналық қосымша. Ол арқылы азаматтар қан қысымын, жүрек соғысын, дене қызуын, қандағы қант пен оттегінің деңгейін өлшей алады. Әсіресе медициналық қызметке қолжетімділігі шектеулі ауылдық аймақтарда бұл сервисті пайдалану ерекше маңызды.
Сондай-ақ дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «смарт-бейнежетон» жобасы іске қосылды. Қазіргі таңда пилоттық тәртіпте аталған құрылғылар елордадағы бес жедел жәрдем тобына берілген. Жақын уақытта Алматы қаласында да енгізіледі. Смарт-бейнежетондар шақырту кезіндегі жағдайды бейнежазбаға түсіруге мүмкіндік береді және төтенше жағдайда жедел көмек құралы ретінде қолданылады.
Медицина қызметкерлері үшін барынша қауіпсіз және тиімді жұмыс жағдайларын жасау маңызды. Күзет, шұғыл әрекет ету жүйелері және телемедицина ұйымдары бойынша жобалар денсаулық сақтау алдында тұрған сын-қатерлерге толық жауап береді. Біз бүкіл ел бойынша табысты цифрлық шешімдерді кеңейтуге дайынбыз, - дейді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
COVID-19 індеті кезінде өкпе патологияларын анықтауға арналған PneumoNet жүйесі алғаш рет қолданысқа енгізіліп, кейін тұрақты түрде жұмыс істей бастады. Бүгінде ол 130-дан астам медициналық мекемеде орнатылған, ай сайын 30 мыңға жуық адамның рентген суреті осы жүйе арқылы талданады. Отандық ғалымдар мұнымен шектелмей, өкпе қатерлі ісігін ерте анықтайтын LungCancerCT және сүт безі обырын диагностикалауға арналған MGraphNet жобаларын қолға алды. Бұл бастамалар отандық медицинаның технологиялық тұрғыдан ілгері жылжып келе жатқанын көрсетеді.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Жапонияның клиникаларында енгізілген эндоскопиялық жүйе асқазан және тоқ ішек қатерлі ісігін 94 пайыз дәлдікпен анықтап отыр. АҚШ-тағы Johns Hopkins университетінде жасалған алгоритм сепсисті бірнеше сағат бұрын болжап, өлім-жітімді 20 пайызға төмендеткен. Ал Еуропада жасанды интеллект дәрілік препараттарды әзірлеу процесін айтарлықтай жеделдетіп, фармацевтикалық сынақтардың құнын азайтуға мүмкіндік беруде.
Медицинадағы ЖИ-дің жеті тиімділігі
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков ЖИ-дің жеті тиімділігін санамалап берді. Негізі медицинада жасанды интеллектті қолданудың артықшылығы одан да көп дейді маман.
Бірінші, ЖИ медициналық деректерге, бейнелеуге және талдауларға негізделген ауруларды жылдам және дәл диагностикалауға көмектесе алады. Екінші, ЖИ жүйелері үлкен көлемдегі деректердегі үлгілер мен байланыстарды анықтай алады, бұл ауруларды диагностикалау мен болжаудың дәлдігін жақсартады. Үшінші, ЖИ ең тиімді емдеу әдістерін таңдауға және жеке емделуші үшін рецепттерді оңтайландыруға көмектеседі. Төртінші, медициналық оқытуды жетілдіру үшін ЖИ жүйелерін медициналық студенттер мен мамандарды оқыту, симуляциялар мен оқу бағдарламаларын жасау үшін пайдалануға болады. Бесінші, жасанды интеллектті қолдану арқылы жаңа заңдылықтар мен тенденцияларды анықтау үшін денсаулық сақтау саласындағы көптеген деректі талдауға болады. Алтыншы, әкімшілік тапсырмаларды автоматтандыру және медициналық персоналдың жұмыс үдерісін оңтайландыру. Жетінші, ЖИ көмегімен медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын жақсартуға болады, - дейді Сағындық Ордабеков.
Қысқасы, ЖИ – дәрігердің көмекшісі, ол адамның қателігін азайтып, жұмысын жылдамдатады, емдеудің дәлдігін арттырады.
Қаупі бар ма?
Дегенмен, жасанды интеллекттің дамуы белгілі бір сын-қатерлерді де алға шығарып отыр. Оның қандай кемшіліктері болуы мүмкін?
Мәселен, қателік жіберу ықтималдығы бар. ЖИ қанша дамығанымен, ол деректерге сүйеніп жұмыс істейді. Ал егер бастапқы дерек қате немесе толық болмаса, нәтиже де қате шығуы мүмкін.
Сонымен қатар этикалық және құқықтық жауапкершілік. ЖИ шешім қабылдаса да, соңғы жауапкершілікті дәрігер өз мойнына алады. Өйткені, қате диагноз немесе емдеу әдісі адам өміріне қауіп төндіреді.
Қалай дегенмен, адам факторының орны ерекше. Пациенттің жағдайы тек медициналық талдауларға ғана емес, психологиялық, әлеуметтік факторларға да байланысты. Мұны ЖИ толық ескере бермейді.
Бұған қоса, күрделі жағдайларда бәрібір мүмкіндігі шексіз емес. Стандартты диагноздарда ЖИ мықты, бірақ сирек кездесетін ауруларда немесе ерекше клиникалық жағдайда дәрігердің тәжірибесі қажет.
Сайып келгенде, жасанды интеллект – отандық медицинаның сапасын арттыруға бағытталған маңызды құрал. Ол дәрігердің орнын баспайды, бірақ оның қолын жеңілдетіп, уақытын үнемдейді. Әлемдік тәжірибе мен алғашқы отандық нәтижелер бұл технологияға сенім артуға болатынын көрсетіп отыр. Дегенмен, жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін заңнамалық негіз, деректердің бірізділігі және этикалық бақылау қажет. Тек сол жағдайда ғана жасанды интеллект халық денсаулығын қорғауда сенімді серікке айналмақ.