Медицина мектебінің 44 жастағы студенті

30 Қазан 2018, 12:50 6081

Назарбаев университетіндегі медицина мектебінің студенті Жамиля Ахметовамен сұхбат

Бұрындары мен студент болғанда күні бойы түрлі шараларға, кітапханаға барып, барлық жазба жұмысымды түнге қалдыратын едім. Түні бойы ноутбугымды шұқылап отырғанымды көрген анам: "қызым-ау, ұйықтасаңшы, күндіз-түні интернеттесің ғой. Не істейсің осы түнде?" деп кейіп қоятын. Қазір университет бітірдім. Енді менің режимім барлық адамдардікіндей. Күндіз жұмысыма барамын, бүкіл шаруаларымды бітіріп, кешке жанұяммен ас ішіп, азды-кем тірліктен соң ұйықтауға даярлана бастаймын. Ал анам болса... Менен қалған ноутбукты қосып алып, түні бойы реферат, эсселерін дайындайды. Менің анам - студент. Енді мен анама "түн болды ғой, шаршадыңыз, жатсаңызшы" деп алаңдап қоямын. 

Әріптесіміз Әйгерім Тоқсанбектің анасын сырттай танитын едік. Ол кісі ұзақ жылдар медицина қызметкері болып қызмет еткен. Оған қоса алты баланы өсіріп, тәрбиелеген аяулы ана. Әйгерім анасының студент атанғанын естігенде бәріміз таң қалдық. Оның үстіне жай оқу орны емес, Nazarbayev University студенті. 

Жамиля Ахметова Республикалық диагностикалық орталықта күрделі соматикалық бөлімшесінде медбике болып жұмыс жасайды. Сондай-ақ, Nazarbayev University медицина мектебінің студенті.

– Жалпы жұмыс өтілім 26 жылды құрайды. Кезінде Қарағанды қаласындағы медициналық институтқа оқуға қабылдану үшін, 4 емтихан тапсырып, байқаудан өте алмай қалғанмын. Менің бағыма орай, сол жылдан бастап, мединститутта медбике ісі факультеті ашылып, соған құжаттарымды өткіздім. Осылайша, медбикелікті тәмамдап шықтым. Еңбек жолым Қарағандыдағы №1 қалалық ауруханадан басталды. Инфарктілі  кардиология бөлімінде қызмет еттім. Бұл емханадан соң, ауылға барып, туберкулезге қарсы диспансерде біраз жыл жұмыс істедім.

Ал 2011 жылы Ана мен бала орталығына жұмысқа тұрдым. Уронефрология бөлімшесінде 2016 жылдың сәуір айына дейін жұмыс істеп, осы диагностикалық орталыққа ауыстым, – дейді Жамиля Сартбайқызы.

1992 жылы ол білімін жоғарлату мақсатында Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түседі. Бірақ, отбасылы адам үшін оқуды қатар алып жүру қиынға соғып, академиялық демалыс алған еді. Жамиля Ахметованың сол демалысы 25 жылға созылды.

– Араға біраз жыл салып, енді міне, еліміздегі ең абыройлы оқу ордасы Назарбаев университетінде білім алып жүрмін. Тіпті, осынша жылдан соң, оқу үстеліне қайта жайғасамын деп ойламап едім. Екі жыл бұрын, жұмыста барлығымызды жинап, медбикелердің біліктілігін жетілдірудің алты айлық курсы болады деді. Күніге 2 сағат сол курстан өтуіміз керек болды. Бұл курсты сәтті аяқтасаң, университетке қабылдануға мүмкіндік бар деген соң, шын беріліп, қатысып жүрдім. Емтиханнан да сәтті өттім.

НУ Медицина мектебі АҚШ-тың озық академиялық медициналық орталықтарының бірі Питтсбург Университетінің Медицина мектебінің қолдауымен Қазақстан Республикасының алғашқы интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен іске асыру мақсатында ашылған. 

Медицина мектебі  Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы магиcтрі, Молекулярлық медицина саласындағы магистрі және Медицина докторы бағдарламаларын ұсынады. Талапкер аме­рикандық медицина мектебінің, оның ішінде премедицина дайындық бағдарламасы мен Medical College Admissions Test мамандандырылған емтиханның та­лаптарына сай болуы тиіс.

Дайындық курсын сәтті аяқтады деген сертификатты қолға алған соң, Медицина мектебіне құжат тапсыруға болады. Құжаттарыңды тапсыру деген оқуға қабылдану дегенді білдірмейді. Арнайы емтихан тапсырып, психологиялық тестіден, жазбаша тестіден өту керек. Еңбек өтілің және бар. Міне, содан кейін ғана оқуға қабылданасың. Біздің медбике ісі оқу бағдарламасымен қазірде 28 студент дәріс алып жүр, – дейді кейіпкеріміз.

- Мамамның сабағы ағылшын тілінде өтеді. Профессор ағылшын тілді кісі. Студенттердің барлығы бастапқыда ағылшын тілін жетік біле бермейтін еді. Сабаққа аудармашы қатысып, көмектесетін. Ал аудармашы болмай қалғанда профессор тақтаға лекцияны жазып, түсіндіре береді. Тыңдаушылар болса, лекцияны google аудармашы көмегімен түсінетін. Алғашқы күндері мамам қарапайым сөздерді үйреніп, кішкентай бала құсап айтып келетін. Ересек адамның білімге құлшынысы, сабағындағы жетістіктері сондай әсерлі екен. Мамам қаншалықты қуанса, оған қарап мен одан қатты қуанамын, - дейді қызы Әйгерім Тоқсанбек.  

Бұл 28 студент екі жылдық оқу бағдарламасын аяқтаған соң, жоғары білімді медбике болып шығады.

– Шетелде науқастарды дәрігерлер емес, медбикалер қарап, тексеруден өткізіп, диагноз да қоя алатын дәрежеде. Бізді оқыту бағдарламасының да мақсаты – осы. Ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, диагноз қойып, талдап, таразылау. Екі жылдың ішінде білімді, білікті медбикелерін дайындап, жұмысқа араластыру. Егер сәтті болса, барлық Қазақстанға осы модульды енгізеді.

Жамиля Сартбайқызы жарты жылдың ішінде ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, диагноз қоя алатын дәрежеге жеткенін айтады. Анализді талдауды да меңгерген.

– Аурудың алғашқы белгілерін өзіміз тауып, науқастарды сұрыптауды да үйреніп келеміз. Сол сияқты бұрын медбикелер статистикамен айналыспайтын, оны статмамандар жүргізетін. Енді, қазір жоғары бакалавриат білімі бар медбикелер статистика жүргізе алуы керек деп жатыр. Осыған байланысты бізде арнайы сабақтар өткізілуде. Мәселен, бірінші семестрде биостатистикадан дәріс алдық. Қазір де осыған байланысты бір сабағымыз бар. Сосын біздер медицина колледждерінде жалпы күтімнен дәріс бере аламыз. Екі жылдық оқу бағдарламасын бітірген соң, бізге арнайы диплом табыс етіледі. Ол дипломмен шетелде де қызмет ете аламыз. Менеджмент сапасы бөлімінде де жұмыс жасауға қауқарлымыз. Магистрлік бағдарламаны жалғастыруға да мүмкіншілік бар. Әрине, ол тек студенттің өзіне байланысты.

Әйгерім Тоқсанбек, Жамиля Ахметованың қызы:

Анам оқуға түскенде балаша қуанды. Қаншама жылдан кейін студент болып отырмын деп, өз-өзіне сене алмай жүрді. Бірақ, оқуға түсу оңайға соққан жоқ. Үш емтиханнан өтті, тыңғылықты, аса жауапкершілікпен қарап, соңында мақсатына жетті. Менің анам өте еңбекқор, талапшыл, пысық, жан-жақты, өмірсүйгіш, бауырмал жан. Өзінің сүйген ісімен айналысып, одан рахат алатын  жандардың қатарынан. Сабақтары ағылшын тілінде өтетіндіктен қазір осы тілді үйреніп жүр. Кейде «екеуміз ағылшынша сөйлесейік» деп, үйде қалғанда тілімізді бір сындырып аламыз. Анама қарап, шабыттанамын. Әкем екеуі менің ең басты – мотиваторларым. Олардың көз алдымызда бірге ұзақ әрі бақытты өмір сүргендерін қалаймын.

Медбике ісі оқу бағдарламасының І семестрінде 4 сабақ өткен, қазір Research methods for Nursing, Medical-Surgical Nursing: complex Medical managment for Actue and Chronic Patiens, health Promation and Disease prevention, Enhanced Communication in Professional Nursing секілді сабақтар бар.

25 жылдан соң, партаға отырған Жамлия Сартбайқызы бастапқыда сабақтың қиын болғанын, сол себепті алғашқы семестрде жұмыс істемегенін алға тартады.

– Осы ақпаннан бастап, жұмысқа шықтым. Біздің орталық пен Nazarbayev University арасында келісім-шарт жасалған. Яғни, жарты ставка жұмыс істеуімізге мүмкіндік бар. Шынын айтқанда, жарты жылда өз жұмысымды, осындағы атмосфераны қатты сағындым. Бір адамның ауруын жеңілдету – шынында бақыт емес пе?! Оқудың да тигізіп жатқан пайдасы зор. Жалпы, білім алып жүріп те, жұмыс істеуге болатынын түсіндім.

Ол Назарбаев университетінде оқығаны үшін 50 мың степендия алады, оған қоса жаңа жылдан бастап, әлеуметтік көмек ретінде мемлекеттен тағы 20 мың теңге беріліп жатыр. Кейіпкеріміз емтиханнан құласа, степендиядан айрылып қалу қаупі барын жасырмайды.

– Өз балаларыма оқыңдар, жақсы баға алыңдар, үздік бітіріңдер деп отырушы едім. Енді, сол балалардың алдында ұят болмасын деп, степендиядан айырылмайын деп намысқа тырысып оқып жатырмын. Сабақтарымыз ағылшын тілінде өтеді, аудармашылар болса да кәдімгідей қиын.

Медицина мектебінде Питтсбург университетінен, сол сияқты көптеген мемлекеттерден келген оқытушылар бар. АҚШ-тың, Англияның жоғары оқу орындарын аяқтаған қазақстандық ұстаздар да дәріс өткізеді екен.

– Сабақтарымыз тікелей тәжірибемен байланысты. Арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған кабинеттер бар. Сондай-ақ, сабақ үстінде бір-бірімізге тәжірибе жүргіземіз, тексереміз. Емтиханды орыс тілінде тапсырамыз.

Жамиля Ахметова оқуға түскенде отбасысы шын қуанғанын айтады.

– Студенттік билет алғанда туған-туыстардың барлығы көрімдік берді, - дейді ол.

 

Таңертең 6-30 да оянып, балалардың таңғы асын беріп, мектепке, балабақшаға шығарып салып, оқу орнына асығамын. Ол жерде таңғы 9-дан 15-00-ге дейін сабақ өтеміз. Ал сосын жұмысқа қарай құстай ұшамын. Жұмыс уақытым 20-00-ге дейін жалғасады. Кешкілік үйге барып, асымды іше сала, үй тапсырмаларын орындауға кірісемін.

Кей адамдардың ғұмыры оның физикалық жасымен өлшенбейді, оның өмірге, білімге, адамдарға деген сүйіспеншілігімен айныдалатын сияқты. Біздің осындай білімге ынтық кейіпкеріміз - Жамиля Ахметова  көздеген мақсаттарына жетіп, ғұмырлы болсын деген тілектеміз.  

Суреттің авторы: Арман Мухатов


Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: