Денсаулық сақтау министрлігі Заң жобасы шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету бойынша нормаларды ұсынды, деп хабарлайды El.kz.
«Денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайту, денсаулығына ауыр зиян келген немесе пациент қайтыс болған жағдайда «бас бостандығынан айыру» жазасының мерзімін қайта қарай отырып, «бас бостандығын шектеуге» ауыстырылсын», - делінген ұсынылған заң жобасында.
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруда ұсынылып отырған моделі және кәсіптік міндеттері туралы атап өтті.
«Тиісінше қызметін орындамағаны үшін жазаларды ізгілендіру бірінші кезекте азаматтардың құқықтарын қорғауға, медициналық қызметтерді алу кезінде денсаулығы мен өміріне келтірілген зиянды өтеуге, сондай-ақ медицина қызметкерлерін заңдық және қаржылық қорғауға, науқасқа көмек көрсету кезінде қызметі қоғамдық-пайдалы тәуекелмен байланысты саладағы жоғары білікті мамандардың кетуін азайтуға бағытталған», - деді министр.