Медицина қызметкерлерінің балалары балабақшаға қабылдауда басымдыққа ие болады

24 Қаңтар, 12:08 1234

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова елімізде медицина қызметкерлеріне бірқатар басымдық берілетінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер аясында 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлеммен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы белгіленді. Сондай-ақ «Мамандық бойынша үздік» республикалық байқауы өткізіледі. Оның жеңімпазына 500 АЕК көлеміндегі төлем табысталады.

Ауылға жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне бір мезетте 100 ең төменгі жалақы төлеу жоспарланып отыр. 2024 жылы бұл сома 8,5 миллион теңгені құрайды. Ең төменгі жалақының өсуімен төлем мөлшері де өседі. Бұл ережені депутаттар өңірлерге барған сапарында енгізді. Өңірлерге сапар барысында тұрғындар медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі мәселесін көтерген болатын. Осылайша ауылдардағы медициналық кадрлар тапшылығы мәселесін жүйелі шешу қарастырылып отыр, - деді мәжілісмен.

Ол медицина қызметкерлерінің балалары балабақшаға қабылдауда басымдыққа ие болатынын атап өтті.

Сонымен қатар қызметтік міндеттерінің салдарынан қайтыс болған немесе мүгедектігі анықталған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурссыз қабылдау ұсынылған.

Миражан Махан
Бөлісу: