03.01.2026
18:13
496
Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қандай жаза қолданылады

Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қандай жаза қолданылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Бұл өзгерістер медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану мен қатігездік үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған.

Ақорда мәліметінше, заңда медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндетін атқару кезінде өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қол сұғуды жеке қылмыс ретінде қарастыратын жаңа бап енгізілді.

Түзетулерге сәйкес, күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-500 АЕК көлемінде айыппұл, сол мөлшерде түзету жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза 2-3 жылға дейін қатаңдайды.

Өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану үшін 500-1000 АЕК айыппұл, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2–3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру қарастырылған. Ал өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану 5-10 жылға, ауырлататын жағдайларда 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Сонымен қатар, Қылмыстық-процестік кодекске бұл санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу мен анықтауды ішкі істер органдары жүргізетіні бекітілді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2019 жылдан бері елімізде медицина қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл тіркелген, оның 58-і биылғы жылы орын алған.