Медиацияның екінші тынысын Ассамблея ашқандай...

14 Тамыз 2018, 06:25 2355

Медиация ұғымы қазақ халқында ежелден бар бітімге келу, бітімгершілік дәстүрінің жалғасы. Сондықтан, «шетелдің үздік тәжірибесі» деп, қоғамымызда енгізіп отырған медиацияның түрмесіз-ақ тентегін тезге салған ата-бабаларымыздың ежелгі ұстанымы екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінде қанымызда бар дәстүр ел ішінде тез таралып, құқық қорғау саласында өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Тіпті, бүгінде Ассамблеяның бір жұмыс бағыты осы медиацияны ел ішінде кеңінен тарату, медиацияның қолданыс аясын кеңейту болып отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ассамблеяның кезекті сессиясында даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешу жүйесі — медиацияны Ассамблея қызметінің тағы бір бағыты ретінде белгілеген болатын. Медиацияның пайдасын халық арасында түсіндіріп қана қоймай, медиаторлар желісін дамыту міндеті де көзделген еді. Елбасының өзі медиацияны дамытудағы Ассамблеяның қызметін ерекше бағалап, 2011 жылы арнайы «Медиация туралы» заң қабылдағанға дейін жүйенің жүйелі түрде дамымағанын тілге тиек еткен болатын. Ассамблея айналыса бастаған соң ғана ел ішінде медиацияға бетбұрыс байқалған. Бұл Елбасы тапсырмасын орындауда Ассамблеяның қызметінің зор екендігін, ел ішінде оның жұмыс істеу қызметінің кең таралғандығын аңғартса керек.

Елімізде медиаторлар желісін дамытып, медиацияны етене енгізу соттардың жүктемесін азайтып, халықтың да құқықтық мәдениеті мен қоғамдағы құқықтық сананың күшеюіне айтарлықтай ықпал еткені байқалады. Ата-бабамыздың ежелгі билік ету дәстүрі бүгінгі заман талабына сай екендігі дәлелденіп, қазіргі заманмен үндес ретінде тәжірибемізге қайта еніп отыр. Уақыт өте елімізде Медиация туралы заңның қабылдануы бұл жүйенің өміршең екендігін айғақтайды. Ата-бабамыздың даналығының арқасында қолданылған медиация дәстүрі бүгінде дауды шешіп, қоғамда тұрақтылық орнатып, өзге ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтушы күш, құқық қорғау саласындағы үздік тәжірибе ретінде бағаланып отыр. Ел ішіндегі дау мен жанжалды бейбіт жолмен, әділ, бітімгершілік жолымен шешіп, азаматтар арасындағы адами құндылықтарды сақтап қалудың бір жолы ретінде танылуда. Кезінде жер дауы мен жесір дауы, құн өндіру секілді бітіспес даудың жолын кесіп, тіпті, қызын беріп, бітімге келмес жандарды құда етіп тарқататын, бітімін кесіп айтатын, толғақты дүниені тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып тарқататын бабаларымыздың билік жасау өнері, туғаны жоқ тура билеріміздің дауды шешудегі озық жүйесінің бүгінде абыройы артып тұр.

Осы орайда айта кетер жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында көрсетілгеніндей, Ассамблея қызметінің жаңа бағыттарының бірі елдегі медиация институттарын дамыту болып табылатыны алғашында көп мамандардың таңырқауын туғызды. Әрқашан ел бірлігін көксеп жүретін ұлттық этномәдени бірлестік өкілдері енді ел ішіндегі даулы мәселенің де оңтайлы шешімін табуға атсалысуы алғашында күмән тудырғанымен, уақыт өте мұның оңтайлы шешім болғанын аңғардық. Ассамблея бұл қызметті де ойдағыдай алып кетті.

Жалпы алғанда, негізінен, Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы, тұрақтылық қалыптасқан. Оның ішінде өзге елдерде медиация негізінен халықаралық, этносаралық дау-жанжалдарды шешу кезінде қолданылғанын тарихшылар растайды. Ежелгі Вавилонда, Грекияда осындай мақсатта қолданылған медиацияның біздің елімізде Ассамблеяның бір жұмыс бағыты ретінде белгіленуі тегіннен-тегін емес. Сондықтан, біздің елімізде Ассамблеяның Достық үйлерінен ашылған медиация кабинеттері этносаралық келіспеушіліктердің де алдын алуда үздік тәжірибе болып отыр деп айта аламыз.

Қазіргі таңда бүкіләлемдік тәжірибеде медиация ірі бизнеске тән даулардан бастап, отбасылық дау-жанжалдарда, ажырасу барысында, ортақ мүліктерін бөлу кезінде, азаматтық істерде тиімді қолданылып жатыр. Медиация тәжірибесі бүкіл өркениетті әлемде кең таралған. Халықаралық статистикаға жүгінетін болсақ, әлем бойынша бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы медиация арқылы шешіледі екен. Адами қағида бойынша тараптардың өзара бір-біріне кек сақтамауына, азаматтардың адамгершілік қасиеттерін арттыруға зор ықпалын тигізетін жүйе қазір әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Ұлтымыздың дәстүрінде бұрыннан бар билер институты қазақ қоғамына жат емес екенін уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді. Медиацияның қоғам үшін пайдалы екенінің бір дәлелі — тараптар қаржылық шығындарға ұшырамай, уақыттарын да үнемдеп, өзара достық қарым-қатынасты сақтап қалуымен ерекшеленеді. Негізінен бұл жерде тәжірибелі медиаторлардың да маңызы зор. Сондықтан, бүгінде елімізде тәжірибелі медиаторларды көбірек дайындауға күш салынуда. Ассамблея орталықтары да бүгінде медиаторларды дайындау ісіне ден қойған. Елімізде медиация әдісі қолданыла бастағалы бері талап қоюшыларға шамамен 1 миллиард теңге көлеміндегі бюджетке төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылған. Бұл медиация рәсімінің тиімділігінің бір дәлелі. Бүгінде өз елдерінде Медиацияны қолдануды бізден бұрын енгізген елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, ол құқықтық дауларды шешу үшін әр түрлі уәкілетті органдардың қызметінде қолданылуы мүмкін. Сондықтан, біздің елімізде Ассамблея арқылы медиацияның қолданыс аясын кеңейту тың тәсіл деп айта аламыз. Бұл жерде медиацияны қолданудың оңтайлы үлгісін таңдау әр елдің өзіне байланысты деуге болады. Алайда, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторларының қызметі нәтижесінде өткен жылы бес мыңға жуық іс оңтайлы шешілсе, азаматтардың берген өтініштерінің ішінде  этносаралық келіспеушілік немесе қақтығысты жағдайлар тіркелмегенін айта кету керек. Еліміздегі қалыптасқан тұрақтылық тұрғысынан бұл үлкен жетістік екені сөзсіз.

Медиация процесінің уақыт пен қаржыға ғана емес, жеке және құпия болып табылуы да оның бір тиімді тұсы болып табылады. Әдетте, медиатор екі тарапты да қанағаттандыратын жолдарды іздейді. Нәтижесінде медиациядан соң шешімге риза емес тарап қалмайды. 2016 жылы кәсіби медиаторлардың араласуымен Ассамблея аясында 2 мың 300-ден аса іс қаралып, оның тең жартысы бітімге келген. Көбінесе азаматтық істерде  татуластыру рәсімдерін сәтті қолданып келе жатқан Ассамблея жанындағы медиация кабинеттері алдағы уақытта да талай істі тиімді шешеріне сенеміз. Бүгінгі таңда бір ғана Түркістан облысы аумағы бойынша Ассамблея жандарынан ашылған 100-ден астам медиация кабинеттері сәтті жұмыс істеуде. Ал, еліміз бойынша олардың саны жыл өткен сайын артып келеді.

Айта кетер жайт, медиацияның тиімділігін көріп отырсақ та, әзірге медиациядан асып барып, сотқа тірелетін істер қатары елімізде азаймай тұр. Мәселен, Малайзияда медиация арқылы, сотқа жетпей жатып, медиация арқылы шешім табатын істер 90 пайызды құраса, Англияның сот жүйесінде  істердің тең жартысы, яғни, 50 пайызы бітімгершілікке келіп, шешімін тауып жатады екен. Сондықтан, қоғамымызда кәсіби медиаторлардың санын арттырып, медиациялық кабинеттерді көбейтіп, Ассамблеяны жұмылдырып, медиация арқылы қаралатын істер санын көбейту басты мақсат болып отыр.

Жанділдә ЖАҚЫПОВ, Халықаралық құқық қорғау орталығыныӊ президенті, медиатор-жаттықтырушы:

«Елімізде халықтар достығына, ұлтаралық татулыққа, біртұтас ел болуға өте зор көңіл бөлініп отырғаннан кейін нақты медиацияның дамуына халықтар Ассамблеясының араласуы өте жақсы шешім болды деп айта аламын. Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасының негізгі мақсаты — әлемдегі ең дамыған өркениетті 30 мемлекеттің қатарына кіру болып табылады. Осы мақсатта соттардың бітімгершілік институтын жетілдіруге айрықша көңіл бөлініп отыр. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру үшін өркениетті елдердің ұстанымына сай, уақытты үнемдейтін, артық қаржы шығындамайтын, құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі болып, судьялардың қолын байламайтын мұндай ұтымды әдістердің маңызы зор! Бұрын судьяларымыз ел ішіндегі кішігірім даулардың өзіне уақытын арнап, өндірісте қаралмаған істердің қатары да артып жата беретін. Ал, қазір бұл іске Ассамблеяның да жұмылдырылуы медиацияның екінші тынысын ашқандай болып отыр. Ата-балаларымыз «Бірлік бар жерде — тірлік бар» екенін ежелден айтып келеді.  Ендеше, ел ішіндегі бірлікті сақтауда айнымас институт болып қалыптасқан Ассамблеяның медиациямен айналысуын айтарлықтай құптаймын. Қашанда дау-жанжал жүрген жерде алға қарай ілгерілеушілік тоқтайды. «Өспес елдің баласы өнбес дауды қуалайды» дегенді де ата-бабаларымыз айтқан. Уақыт өлтірмей, медиация арқылы бітімге келіп, өнбес даудың соңында жүрудің машақаты көп екенін ұғынатын кез жетті. Сондықтан, алдағы уақытта медиация арқылы қаралатын істер қатарының көбеюі ел дамуына оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын».

Медиацияның дамуы өркениетті құқықтық кеңістіктің әрі жоғары сатылы демократиялы қоғамның көрсеткіші болып табылады. Оны қандай жолдармен дамытып отырғанымыздың өзі бүгінде көптеген елдердің тәжірибесінде жоқ көрсеткіш. Жалпы, Ассамблеяның еліміздегі игілікті іс-шаралардың басы-қасында жүруіне бүгінде көптеген елдер қызығушылық танытып отырғаны жасырын емес. Ассамблеяның елдегі тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа ғана қызмет етіп қоймай, ел ішіндегі медиация секілді жүйелерді тиімді дамытуға ықпал етіп отырғаны қоғамымыздың жетістігі.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу: