«Медиатор мамандығы - болашақтың мамандығы!»

25 Қыркүйек 2020, 18:51 6113

Халықаралық кәсіби медиатор Шерзод Пулатовпен әңгімелескен едік

Медиация соттардың жұмысын жеңілдетумен қоса, арыз беруші мен жауапкерлердің уақытын үнемдеуге өз септігін тигізіп келеді. Жалпы медиация қазақ халқының тарихында болған. Ол латын тілінен аударғанда «делдалдық ету», «мәмілеге келу» дегенді білдіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, бұрындары билер институты болған. Егер билер өздері шешім қабылдайтын болса, медиацияда белгілі бір жанжалда болмаса белгілі бір сұрақты шеше алмай жүрген тараптар өздері шешім қабылдайды. Мінеки, медиацияның осы институттан айырмашылығы осында жатыр... Осы тақырып төңірегінде ҚХА Төрағасының орынбасары, халықаралық кәсіби медиатор Шерзод Пулатовпен әңгімелескен болатынбыз.

 

Иә, медиация саласында қызмет ететін кәсіби медиатор мамандар сотта қаралатын түрлі дау-дамай істердің қатысушыларын мәмілеге келуіне көмектеседі. Одан бөлек, қос тараптың бір мезетте жанжалды реттеу үдерісі мен оны шешудің шарттары жайында шешім қабылдау процесін толықтай өз бақылауына алады.


(Суретте: Шерзод Пулатов)

Бүгінгі таңда азаматтық, отбасылық мәселелер сондай-ақ түрлі қылмыстық істер медиаторлардың қатысуымен қаралады. Сонымен қатар, білім жүйесінде, медицинада және армия құрылымдарында дамып келеді.

– Жеке және заңды тұлғалардың барлығы медиацияға белсенді түрде жүгінсе, соттарға түсетін ауыртпалық та біршама жеңілдейді. Әлемдік статистика бойынша даулардың 40 пайызға жуығы медиация рәсімінен өткізіледі. Ал олардың шамамен 85 пайызы оң нәтижелермен аяқталған, - дейді кәсіби медиатор Шерзод Аббозұлы.

Осыдан тура тоғыз жыл бұрын яғни 2011 жылы ҚР «Медиация туралы» Заңы қабылданған. Содан бері осы институт жан-жақты дамып келеді. Әртүрлі алаңдарда өз саласына қатысты түрлі мәселелерді шешу бойынша қолданыла бастады. «Медиация саласында атқарылып жатқан істердің басты міндеттері қоғамдағы түрлі дау-дамайларды соттан тыс шешу әдісімен азайту жалпы осы медиацияның яғни бітімгершілік рәсімдермен шешу мүмкіндіктерін арттыру» дейді халықаралық кәсіби медиатор.

– Қазіргі күнде мен әртүрлі көптеген жұмыстарға өз үлесімді қосып келемін. Көбінесе қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысамын. Олардың бірі осы медиация саласы. Әрине, кәсіби медиатор болғандықтан әрдайым маған түскен медиацияға қатысты арыздарды қабылдап олардың шешімін табуда жұмыс жасаудамын. Сонымен бірге, медиация бойынша халықаралық тренер болғандықтан көбінесе медиаторларды даярлау және олардың тәжірибесін арттыру жолында жұмыстар атқарып келемін. Мысалы, кеше ғана Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен арнайы медиаторларды дайындау бір күндік курсын жүргізіп, өз біліміммен және тәжірибеммен сол аумақтағы әріптестеріммен бөліскен болатынмын, - дейді Шерзод Пулатов.


Шерзод Аббозұлының айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында шамамен 1500-ге жуық медиатор маман тіркелген екен. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында оларға шамамен 10 мыңнан аса өтініш келіп түсіпті. Өтініш берушілердің жартысы кеңес алса, қалған жартысы оң шешімін тапқан. Мұнда Ассамблея медиаторлары соттың көмегінсіз қос тараптарға дау-дамайдан бітімгершілікке келуге көмектескен. Бұлардың қатарында түрлі еңбек даулары да бар екен.

– Осы бағыттағы Нұр-Сұлтан қаласының Ассамблея медиаторларының тиімді жұмысын мысал ретінде ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы алаңдарында тұрақты жұмыс істейтін 18 медиатор бар. Олардың ішінде 8 кәсіби медиатор және 10 қоғамдық медиатор, сонымен қатар тіркеу процесінде қосымша 5 медиатор бар. Ал Нұр-Сұлтан қаласында үш медиация кабинеті бар. Нақтырақ айтсақ, олар Достық үйінде, «Есіл» ауданы әкімдігінде, «Nur Otan» партиясының филиалында орналасқан. Бір ерекше атап өтерлігі, елордалық Ассамблея білім берудегі дау-дамайлардың алдын алу мен оларды шешуге ерекше назар аударады, - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.

Жалпы қазіргі таңда нұр-сұлтандық білім беру мекемелерінде пилоттық жоба негізінде арнайы медиация кабинеттері құрылған. Сол мектептерде жұмыс істейтін педагогтардың арасынан кәсіби тренерлер яғни медиаторлар дайындалғанын айтады Шерзод Аббозұлы. Сондай-ақ оларға бірқатар медиация мәселелеріне қатысты тұрақты түрде кеңестер беріліп тұрады,

– Биылғы жылдың мамыр мен тамыз айларындғы нұр-сұлтандық медиаторлардың қатысуымен онлайн форматта ұйымдастырылған елордадағы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Виртуальды қабылдау бөлмесі» оң жауап алды. Мұнда күні бойы көптеген азамат арнайы мамандардан, судьялардан, заңгерлерден, дәрігерлерден, психологтардан кеңестер алды. Жалпы мұндай кеңестер – «еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың сәтті формасы болып табылады. Бүкіл әлемдік пандемия уақытында нақтырақ айтсақ, жаз мезгілінен бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторлары бақылау тобының құрамында жұмыс атқаруда... Мәселен, нұр-сұлтандық медиаторлар шаһардағы дәріханалар бойынша рейдтерге қатысуда. Сондай-ақ дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде... Медиаторлар учаскелік инспекторлармен бірге елорда базарларындағы рейдтерге қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осылайша Ассамблея жанындағы медиаторлар Нұр-Сұлтандағы медиацияның дамуына зор үлес қосып келеді. Сондай-ақ құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысын біршама жеңілдетуге септігін тигізуде... Оған қоса, елордадағы қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етеді.


Елміздегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңының 6-бабына сәйкес ҚХА қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында медиация институтын дамытуға жәрдем береді. Соның нәтижесінде Ассамблея жанынан республикалық Медиация Кеңесі құрылған.

– Еліміз бойынша 28 медиация Кеңесі бар. Жалпы үш жүзден астам медиация кабинеті жұмыс істейді. Оның шамамен 17-сі облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының «Қоғамдық Келісім» КММ жанында орналасқан. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен 317 диалог алаңы ашылды. Атап айтсақ, мемлекеттік органдарда, «Nur Otan» партиясында, ХҚКО-да, дағдарыс орталықтарында, мектептерде, емханаларда және өзге де мекемелерде қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Осы алаңдарда Қазақстан халқы Ассамблея медиаторлары азаматтарды ақысыз негізде қабылдайды. Даулы жағдайларды шешу жолдарын ұсына отырып, оларға кеңестер береді.

Жалпы медиаторлар белгілі бір дау-дамай туғызған мәселелер кезінде сотқа дейін келіспеушіліктің себеп-салдарын анықтап береді. Қос тарапты қанағанттандыратын әрі дау-дамайдың деңгейін төмендететін тиімді әрі қолайлы бітімгершілікке келтіру – медиаторлардың басты мақсаты. Сондай-ақ олар адам құқықтары және олардың бостандықтарын қорғауды көздейді. Ең бастысы медиация саласындағы мамандар мүмкіндігіне қарай кез келген дау-дамайды сотқа жеткізбеуді мақсат етеді.

Бұл саланың оңтайлы тұстары да аз емес... Олардың ең негізгісі ол қаржылық жағынан соттық шығындарға қарағанда аздығында әрі уақыттың үнемділігінде.

– Баршамызға белгілі, сотта істер әдетте ұзаққа созылатын кездер болады.Сот отырыстары бірнеше рет белгіленеді. Оларға қос тараптардың бірінің өкілдері келмей қалатын сәттер де кездеседі. Осылайша жағдай ушыға түседі... Осындай сәтте медиацияның көрсетер көмегі өте зор... Жалпы кез келген дау-дамайды шешуге медиатор маманға небәрі отыз күн беріледі. Бұл мерзім белгілі бір себептерге байланысты ұзартылатын уақыттар да болуы мүмкін. Бірақ та алпыс күннен аспауы қажет, - дейді халықаралық кәсіби тренер.

Түрлі дауларды шешу барысында сотта қос тарап бір-біріне қарсы әрекет етсе, ал медиация кезінде өзара ынтымақтаса қимылдайтынын айтады Шерзод Аббозұлы. Сондай-ақ медиатор маман екі тараптың мүдделерін ескеріп, заң шеңберінде шешім қабылдайды.

– Негізі, медиатор мамандардың көмегіне жүгіну қажет не қажет еместігін қос тарап өзара келісе отырып шешеді. Осы орайда медиация жолымен дау-дамай шешілмеген жағдайда сотқа жүгіну құқығы сақталатынын айта кеткім келеді. Сондай-ақ медиацияны жүргізу орнын, медиацияны жүргізу кезінде қандай тілдің қолданылатыны жайында келісе де алады. Қос тараптың ортақ келісімімен медиатор маман медиацияны жүргізу күні мен уақытын белгілейді.Сотта шешім шыққанда әйтеуір бір тарап наразы болып шығады. Сот шешіміне наразы тараптардың дауы қайта шағымданумен ұзаққа созылатынын практикада көріп жүрміз. Медиацияның ерекшелігі – екі тарап өздері келісе отырып, ортақ шешім шығарады. Сөзге тоқтаған халықпыз. Сөзге тоқтайтын адам өнбес дауды дауламайды, - дейді кәсіби медиатор.

Қазіргі кезде көптеген дау-дамайлардың көпшілігі бітімгерлердің тәжірибелі іскерлігінің арқасында сотқа жетпей, шешімін тауып жатқаны рас...

– Медиацияның маған ұнайтыны адамдарды татуластыру және де олардың мәселелерін шешуге көмектесу. Ал қиындығын айтсақ екі тарапты тең қарап тыңдай білу керек. Яғни медиатордың ең басты қасиеті шыдамдылық болып табылады. Даудың негізін табу үшін арнайы сұрақтарды қоя білу қабілеті бұл нағыз кәсіби медиатордың ерекшелігі. Сондықтан әрбір медиация саласына келген адам өмірлік тәжірибесі мол және медиация процестеріне көп қатысып жүрген маман болғаны жөн, - дейді Шерзод Пулатов.


Медиация институты – елде азаматтық қоғам қалыптастырудың белгісі. Кез келген дау-дамайлы мәселені сотқа жеткізбей шеше білу бұл адам құндылықтарының жоғары бір деңгейге көтерілгенін көрінісі болып табылады.

– Медиция процесінде кейбір кезде тараптар жаңа естілмеген жағдайларды білген кезде ашуланып эмоцияға жол береді. Сол кезде процесті қолда ұстау оңай емес. Сондықтан жоғарыда айтқандай медиатор өмірлік тәжірибесі болу керек. Мәселен, мен осындай жағдайлардың алдын алу үшін процесті бастаудан алдын ала тараптарды процестің ережелерімен таныстырып, олардың келісімін аламын. Ереженің ең басты мақсаты медиатор тараптарға рұқсат берген кезде сөйлей алу шартына жүгіну.

Халықаралық кәсіби тренер Шерзод Аббозұлының айтуынша, жұмыс барысында медиативтік келісімдер орындалмайтын кездер де болады.

– Әлбетте, кейбір кезде тараптар келісімге келген шарттар орындалмай жатады. Бұл әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты болып келеді. Осындай кездерде тараптар қайта медиация процесіне қатысып, жаңа шешім табу үшін медиатор көмегіне жүгінеді. Нәтижесінде көбінесе екі тараптың өтінішін қанағаттандыру мақсатында жаңа медиативтік келісім шарт қайта жасалады.

Жалпы медиатор болу үшін адамның бойында жауапкершілік, ұқыптылық, жан-жақтылық, қырағылық, кез келген адаммен тіл табысқыш сынды қасиеттер болуы қажет.

– Медиатордың психология, заңгерлік психология, әлеуметтік психология бойынша терең білімі болуы қажет. Оның заңгерліктің көптеген бөлімдері бойынша білімдерге ие болуы, экономика негіздерін білуі тиіс. Оның келіссөздер жүргізу, клиенттерді сендіре алу дағдылары болуы, ауызша және жазбаша сөз сөйлеу мәнеріне ие болуы, медиация жөніндегі құжаттарды дұрыс рәсімдей алуы, дауласатын тараптар өкілдеріне оңтайлы амал таба алу икемділігі, медиация рәсімдерін жүргізу техникасын меңгеруі тиіс. Жалпы медиация үлкен эмоционалды-психологиялық мықты мінезді талап етеді.

Халықаралық тәжірибе көз жүгіртсек, кез келген дау-дамайлы мәселені сотқа жеткізбей шешу Америкада өткен ғасырда қолға алынған екен. Ал Бельгия, Норвегия, Швеция сынды мемлекеттерде тоқсаныншы жылдары қолданысқа енгізіліпті.


– Медиатор мамандығы - болашақтың мамандығы! Адамдар медиаторға жүгінеді. Өйткені өз мәселелерін бейресми жағдайда және құпия түрде талқылау мүмкіндігін бағалайды. Алдағы уақытта медиатор болуды жоспарлап жүргендерге айтар пайдалы кеңесім... Жалпы қазіргі таңда медиацияның бағыттары өте көп. Солардың бірін таңдап, медиация курстарын толығымен өтіп, сонымен бірге медиаторлардың қасында тәжірибе жинақтау керек деп ойлаймын, - деді Шерзод Аббозұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында - ««Медиация туралы заң» қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек.» деп медиация саласының жұмысын дамытуға аса мән бергені баршамызға мәлім.

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында медиация бойынша айтылғандардың маңыздылығын ескере отырып, «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауында қатысушы ретінде менің бағдарламамда медиация мәселесін шешу жағын көтеріп отырмын. Сондай-ақ осы бағыттағы ұсыныстарымды алдағы жұмыстарымда жалғастыратын боламын, - деп сөзін түйіндеді Шерзод Пулатов.

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: