Мажоритарлық жүйе елдің сайлауға деген сенімін арттырады – Бақдәулет Жанділдаев

19 Қаңтар 2023, 17:53 1933

Президенттің Жарлығы жақын арада шығатынын барлығымыз білдік

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін тоқтату туралы Жарлыққа қой қойды. Жаңа Жарлық бойынша, жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін таратылып, кезектен тыс сайлау мерзімі 19 наурызға бекітілді. Бұған қатысты Астана қаласы мәслихатының депутаты болған Бақдәулет Жанділдаев пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бақдәулет Жанділдаев алдағы өтетін депутаттар сайлауына партия мүшелерінен бөлек, қоғам белсенділері де қатыса алады дейді.

Президенттің Жарлығы жақын арада шығатынын барлығымыз білдік. Ол өзінің Жолдауында депутаттар сайлауы 2023 жылдың бірінші жартысында өтетінін атап өткен болатын. Алдағы сайлау қызықты әрі тартысты өтпек. Сайлауға тіркелген 7 партияның өкілдері ғана емес, қоғам белсенділері де қатыса алады. Олардың сайлауалды бағдарламалары мен азаматтардың мәселелерін шешу бойынша кім қандай ұсыныс білдіргені ескерілетін болады, – деді ол.  

Бақдәулет Болатұлы депутат болып халықтың жағдайын түсінетін адамдар тағайындалуы керек деп есептейді.

Депутаттыққа бірінші кезекте халықтың жан айқайын билік өкілдеріне, атқарушы органдарға жеткізіп, соны шешу жолында еңбек ететін адам қажет. Сайлаудан қарапайым халықпен тілдесіп, емін-еркін мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіре алатын азаматтар мен азаматшалар өтуі тиіс, – деді экс-депутат.

Сондай-ақ ол сайлаудан кейін жаңа өзгерістер болады деп күтуде. 

Алдағы сайлаудан кейін елімізде біраз өзгерістер енетіні сөзсіз. Халықтың арасында белсенділік танытып жүрген, бірақ ешбір партияның құрамына енбеген қоғам өкілдері мажоритарлық сайлау жүйесінің арқасында сайлаудан өте алады деп ойлаймын, – деді Бақдәулет Жанділдаев.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: