22.10.2025
13:32
650
Мәжілісте төменгі жалақыны 110 мың теңгеге көтеру ұсынылды

Мәжілісте төменгі жалақыны 110 мың теңгеге көтеру ұсынылды

Мәжілісте өткен отырыста 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы қаралды. Талқылау барысында депутаттар елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау қажеттігін көтерді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Құжаттың қорытындысында әлеуметтік-мәдени даму комитеті Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдары негізінде әзірленген жаңа әдістемені ескере отырып, ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынған.

Алайда Үкімет бұл бастаманы әзірге қолдай алмайтынын мәлімдеді. Себебі 2026 жылға арналған бюджет жобасында бұл мақсатқа қаражат көзделмеген.

Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып бекітілген. Бұған дейін де жалақыны өсіру туралы ұсыныстар жасалған еді, алайда қаржы тапшылығына байланысты ол жүзеге аспай қалған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, ең төменгі жалақыны арттыру тек 2029 жылы мүмкін болуы ықтимал.