Мәжілісте суармалы егіншілік үшін инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды

28 Мамыр, 23:49 1040

Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен суармалы егіншілік үшін инфрақұрылымды дамытуға арналған тақырыптық отырыс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Комитет төрағасы елімізде болған су тасқыны осы саладағы басқаруды түбегейлі жақсарту керек екенін көрсеткенін айтып, су шаруашылығы субъектілерінің функцияларын қайта қарау және экономикалық қатынастардың жаңа тетіктерін әзірлеу қажеттігіне тоқталды.

Тақырып төңірегінде баяндама жасаған Су ресурстары мен ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың айтуынша, жыл сайын инфрақұрылымдардың тозығы жетуінен суармалы егіншіліктің өзінде шамамен 2 текше шақырымнан (20-30%) аса су жеткізу кезінде шығындар тіркеледі.

Министрлік әрбір облыс әкімдігімен 2030 жылға дейін су қоймаларын салу және реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын жаңғырту бойынша кешенді жоспар жасаған. Бұл жоспар 57 жаңа су қоймасын салуды, 133 гидротехникалық құрылысты, ұзындығы 7,7 мың шақырымнан астам ирригациялық жүйелер мен ұзындығы 1200 шақырым топтық су құбырларын қайта жаңартуды, сондай-ақ 3628 тік дренажды ұңғымаларды бұрғылауды көздейді.

Көтерілген мәселе жан-жақты талқыланды. Отырыс соңында комитет төрағасы Серік Егізбаев айтылған ұсыныстардың барлығы Үкімет пен уәкілетті органдардың атына жіберілетін атап өтті.

Зарина Арман
Бөлісу: