Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен «Әскери-патриоттық тәрбие: жай күйі және проблемалық мәселелерді шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оған комитет жетекшісі Айгүл Құспан төрағалық етіп, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қатысты.
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері өкілдерінің айтуынша, елімізде 5344 мектеп пен 772 колледжде «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» пәні оқытылады. Жоғары оқу орындарында 41 әскери кафедра жұмыс істейді, онда 16 878 студент білім алуда.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жыл басынан бері әскери-патриоттық тәрбие аясында республикалық және өңірлік БАҚ-тарда шығарылған материалдар туралы мәлімет берді. Қорғаныс министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жалпы білім беретін мектептерді әрбір әскери бөлімге бөлу мәселесін және әскери бөлімшеге бару кестесін бекіту бағытында жұмыс атқаруда.
Жиында вице-спикер Дания Еспаева әскери-патриоттық тәрбие бойынша жұмыс бүгінде тиісті деңгейде емес екеніне тоқталды. Депутаттар бастамашы болған, қазір Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасының екінші оқылымына дейін бүгінгі айтылған ой-пікірлерді нақтылап, тиісті шаралар қабылдау керек екенін баса айтты.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы халықты түгел қамтуы керек екеніне назар аударды. Ол әр жас санатына арналған жеке іс-шаралар жиынтығын қарастыру қажеттігін атап өтті.
Комитет төрайымы Айгүл Құспан отырысты қорытындылай келе, әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасына сәйкес Қорғаныс министрлігі жанынан республикалық деңгейде, сондай-ақ өңірлік әкімдіктер жанынан жергілікті деңгейде әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар заң жобасымен жұмыста ескеріліп, Үкіметке жолданады.